Әуе, теміржол және автомобиль жолдары: Қазақстанның көлік әлеуеті артып келеді

Президент Жолдауын жүзеге асыру: көлік саласы ЖІӨ-нің 6,1%-ын қамтамасыз етіп, халықаралық дәліздерді кеңейтуде және транзиттік әлеуетті нығайтып келеді

 gov/kz 5 Қыркүйек 2026, 09:12
5 Қыркүйек 2026, 09:12
143
Фото: gov/kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында көлік-логистика саласын одан әрі дамыту және жаңғыртудың маңыздылығына тоқталды. Мемлекет басшысы автомобиль және теміржол магистральдарын жаңғырту жұмыстарын жеделдетуді, авиациялық хабтарды, теңіз инфрақұрылымын, контейнерлік тасымалдарды, цифрлы логистикалық сервистерді және халықаралық көлік дәліздерін дамытуды тапсырды.

Үкімет Президент тапсырмаларын орындау аясында көлік саласын дамытудың кешенді бағдарламасын жүзеге асырып келеді. Ол автомобиль, теміржол, авиация және теңіз көлігін қамтиды. Сонымен қатар салаға цифрлық технологиялар белсенді енгізіліп, халықаралық бағыттар кеңейтіліп, Қазақстанның Еуразиядағы көлік-логистикалық торап ретіндегі рөлі артып келеді.

Бүгінде көлік саласы ұлттық экономиканың негізгі драйверлерінің біріне айналып, елдің жалпы ішкі өнімінің шамамен 6,1%-ын қалыптастырып отыр. Соңғы бес жылда саланың жалпы өнімі үш есеге жуық өсіп, 14 трлн теңгеден асты. Бұл тасымал көлемінің тұрақты өсуін, инфрақұрылымды ауқымды жаңғыртуды және Қазақстанның транзиттік тартымдылығының артып келе жатқанын көрсетеді.

161 халықаралық бағыт, 32 ел және әуежайларды жаңғырту: Қазақстан авиациялық хабтарды дамытуда

Азаматтық авиацияны дамыту Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асырудың негізгі бағыттарының бірі болып қала береді. Кейінгі бес жылда Қазақстанның авиациялық қауіпсіздік саласындағы ICAO стандарттарына сәйкестік деңгейі 95,7%-ға жетті. Қазақстанмен тікелей әуе қатынасы бар елдердің саны 25-тен 32-ге дейін, ал халықаралық бағыттардың саны 74-тен 161-ге дейін артты.

Әуежай инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары да ауқымды түрде жалғасуда. 2026 жылы Арқалық әуежайын жаңғырту жұмыстары аяқталып, Астана, Алматы және Қостанай бағыттарындағы тұрақты әуе рейстері қайта жанданды.

Жыл соңына дейін Зайсан және Катонқарағай аудандарында, сондай-ақ Кендірлі курорттық аймағында жаңа әуежайлардың құрылысын аяқтау жоспарланып отыр.

2029 жылға дейін Астана, Алматы, Шымкент, Тараз, Ақтөбе, Орал және Жезқазған қалаларында ұшу-қону жолақтарын салу және реконструкциялау, сондай-ақ еліміздің ірі әуежайларының терминалдарын жаңғырту көзделген. Бұл жобаларды жүзеге асыру әуежайлардың өткізу қабілетін арттыруға, жолаушыларға қызмет көрсету сапасын жоғарылатуға және заманауи авиациялық хабтарды қалыптастыру үшін жағдай жасауға мүмкіндік береді.

Сонымен бір мезгілде халықаралық тасымалдардың географиясы да кеңеюде. Жыл басынан бері Армения, Кипр, Қытай, Моңғолия, Грузия, Әзірбайжан, Польша, Түркия, Өзбекстан және Ресей бағыттары бойынша жаңа рейстер ашылды. Жыл соңына дейін Алматы – Үргеніш, Алматы – Токио, Ақтөбе – Баку, Алматы – Чунцин, Ханой – Алматы – Прага және Астана – Инин, Орал – Мәскеу бойынша жаңа бағыттар іске қосылады деп күтілуде.

2025 жылдың қорытындысы бойынша авиакомпаниялар 15,4 млн жолаушы тасымалдады, әуежайлар 31,8 млн адамға қызмет көрсетті және 173,3 мың тонна жүкті өңдеді. Осылайша саладағы оң серпін сақталып отыр.

11 мың шақырым жолды жөндеу және құрылыс жұмыстарымен қамту, 37 өткізу пунктін реконструкциялау

Автомобиль инфрақұрылымын дамыту мемлекеттік саясаттың басымдықтарының бірі болып қала береді. 2026 жылы жол жұмыстарының барлық түрлерімен шамамен 11 мың шақырым қамтылды, оның ішінде 3,4 мың шақырымда құрылыс жұмыстары жүрсе, 5 мың шақырымға жуық республикалық жолдарға және 2,4 мың шақырым жергілікті маңызы бар жолдарға жөндеу жүргізілді.

Солардың ішінде ірі жобалар – «Ақтөбе – Қызылорда», «Бейнеу – Сексеуіл», «Сарыағаш стансасын айналып өту», «Жаңаөзен – Түрікменстан шекарасы», «Орталық – Батыс» және «Қарағанды – Жезқазған» трассалары.

«Бейнеу – Сексеуіл», «Ұлғайсын – Сексеуіл» және «Қызылорда – Сексеуіл» жобалары да ерекше маңызға ие, олардың құрылысына осы жылдың тамыз айында Қазақстан Республикасының Президенті бастау берді. Үш магистральдың жалпы ұзындығы 1 574 шақырымды құрайды, құрылысты 2029 жылға дейін аяқтау көзделген.

Дәл осы жобалар Қазақстан аумағы арқылы Қытай – Еуропа бағыты бойынша жүктерді жеткізу мерзімін іс жүзінде үштен біріне қысқартуға, транзит уақытын үш тәулікке дейін азайтуға мүмкіндік береді, бұл Мемлекет басшысының негізгі халықаралық көлік дәліздерін дамыту жөніндегі тапсырмаларымен тікелей ұштасып отыр.

Сонымен қатар қолданыстағы жол желілерінің сапасы да артып келеді. Жыл соңына дейін нормативтік жағдайдағы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының үлесі 95%-ға, жергілікті маңызы бар жолдардың үлесі 92%-ға жетпек.

Ақылы автомобиль жолдары желісін дамыту жалғасуда, олардың ұзындығы 2026 жылдың соңына дейін 6,3 мың шақырымнан 6,7 мың шақырымға дейін ұлғаяды.

Автомобиль өткізу пункттерін жаңғыртуға үлкен көңіл бөлінуде. ЕАЭО-ның ішкі шекарасындағы қолданыстағы 39 пункттің 37-сінде реконструкция жүргізілуде, бұл олардың өткізу қабілетін айтарлықтай арттырып, мемлекеттік шекарадан өту уақытын қысқартуға мүмкіндік береді.

5 мың шақырым теміржол, 33 млн тонна транзит және 124 вокзалды реконструкциялау

Теміржол инфрақұрылымын дәйекті дамыту еліміздің транзиттік әлеуетін нығайтудың негізгі факторларының бірі болып табылады.

Соңғы бес жылда 5 мың шақырымға жуық теміржол жолы салынды және жаңғыртылды – бұл шамамен алдыңғы үш онжылдықтағыдан екі есеге көп. Транзиттік тасымал көлемі 33 млн тоннаға жетті, ал саланың кірісі 3 трлн теңгеден асты.

«Достық – Мойынты» және «Алматы стансасының айналма теміржол желісі» жобалары аяқталғаннан кейін Дарбаза – Мақтаарал, Мойынты – Қызылжар, Аягөз – Бақты жаңа желілерінің құрылысы, сондай-ақ қолданыстағы желіні жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр. Алдағы үш жыл ішінде тағы 2,2 мың шақырым теміржол жолын салу және жаңғырту қарастырылуда.

Локомотив және вагон паркін жаңартуға ерекше көңіл бөлінуде. Отандық Alstom және Wabtec кәсіпорындарымен ынтымақтастықтың арқасында биыл тамыз айында 200-ші және 700-ші мерейтойлық локомотивтер шығарылды.

Заманауи қауіпсіздік жүйелері, бейнебақылау, биодәретханалар және қолжетімді интернетпен жабдықталған жолаушылар вагондарын жаңарту жалғасып жатыр. 2026 жылы 191 жаңа жолаушылар вагонын жеткізу жоспарлануда.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен 124 теміржол вокзалын реконструкциялау бойынша ауқымды бағдарлама жүзеге асырылып жатыр. Бүгінде 100 нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды, бұл жолаушыларға қызмет көрсету сапасын айтарлықтай арттырмақ.

Транскаспий бағыты бойынша тасымал көлемі 5,6 есеге өсті, порттардың қуаты 30 млн тоннаға дейін артады

Теңіз инфрақұрылымын дамыту Қазақстанның халықаралық логистикадағы рөлін одан әрі нығайтуға бағытталған. Қазақстандық теңіз порттарының жиынтық қуаты бүгінде 21,8 млн тоннаны құрайды, ал 2030 жылға қарай оны 30 млн тоннаға дейін арттыру жоспарлануда. Соңғы бес жылда Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша тасымалдау көлемі 5,6 есеге – 800 мыңнан 4,5 млн тоннаға дейін ұлғайды. 

Ақтау және Құрық порттарын дамыту, жаңа терминалдар салу, түбін тереңдету жұмыстарын жүргізу, айлақтарды реконструкциялау және теңіз флотын кеңейту жалғасуда. 2029 жылға дейін құрғақ жүктер мен контейнерлік кемелерді қоса алғанда тағы 8 жаңа кеме сатып алу жоспарлануда. Кешенді жаңғырту Транскаспий бағыты мен «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізінің өткізу қабілетін жыл сайын 6 млн тоннадан 10 млн тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

E-Joldar және Smart Cargo цифрлық платформалары тасымалдарды басқарудың жаңа деңгейін қамтамасыз етеді.

Президент Жолдауын жүзеге асырудың негізгі бағыттарының бірі көлік саласына заманауи цифрлық технологияларды енгізу болып саналады. E-Joldar цифрлық платформасын құру жұмыстары жалғасуда. Ол автомобиль жолдарын салу және жөндеу барысын бақылауды қамтамасыз етеді, сонымен қатар көлік ағындарын цифрлық бақылау жүйесі дамытылып, өткізу пункттері жаңғыртылуда, интеллектуалды логистикалық шешімдер енгізіліп, тасымалдарды басқарудың бірыңғай цифрлық экожүйесі қалыптастырылуда.

Smart Cargo цифрлық платформасын енгізу, жасанды интеллект технологияларын қолдану, мультимодальды тасымалдарды дамыту және Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес жүктердің «жасыл дәліз» қағидаты бойынша жедел өтуіне жағдай жасау айрықша маңызға ие.

Көлік саласын жаңғырту жолдарды, теміржолдарды, авиацияны, порттарды, жылжымалы құрамды және цифрлық сервистерді қамтиды. Бұл инфрақұрылымның өткізу қабілетін кеңейтеді, жүк және жолаушылар тасымалын жеделдетеді әрі аймақтардың байланысын арттырады.  Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау Қазақстанның транзиттік әлеуетін күшейтіп, халықаралық дәліздерді дамытады және Еуразияның негізгі көлік-логистикалық тораптарының бірі ретінде елдің позициясын нығайтады.

Наверх