Жоғары аудиторлық палата Медициналық сақтандыру жүйесіне мемлекеттік аудит жүргізді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
2024 жылы Жоғары аудиторлық палата Қазақстан Республикасы Президент әкімшілігінің тапсырмасына сәйкес, “Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры” коммерциялық емес акционерлік қоғамы және оның өңірлік филиалдары қызметінің тиімділігіне мемлекеттік аудит жүргізді.
Жоғары аудиторлық палатаның мүшесі Нұрлан Нұржанов аудиттің қорытындыларын жариялады.
2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Медициналық сақтандыру жүйесінде 16,2 млн адамнемесе жалпы халықтың 81%-ы сақтандырылған. Нұржанов қаржылық жүктемесін мемлекет көтеретін сақтандырылғандар қатарына 15 жеңілдікті санатқа кіретін 12 млн адам жататынын атап өтті.
2 млн-ді құрайтын мемлекеттік қызметшіні, бюджеттік ұйымдардың жұмыскерлерін және квазимемлекеттік сектор қызметкерлерін ескере отырып, мемлекет 14 млн немесе 86% сақтандырылған адамның қаржылық жүктемесін көтереді, - деп айтты Жоғары аудиторлық палата мүшесі Мәжілісте.
Денсаулық сақтау жүйесіндегі медициналық шығыстар бөлінісінде Тегін кепілдендірілген медициналық көмек және Медициналық сақтандыруды ескере отырып, республикалық бюджеттің шығыстары:
2022 жылдың қорытындысы бойынша 1,7 трлн теңгені немесе барлық шығындардың 78%-ын;
2023 жылдың қорытындысы бойынша - 2 трлн теңгені немесе 76%-ды құрады.