Жоғары аудиторлық палата МӘМС-тен қандай бұзушылықтар анықтағаны белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
2024 жылы Жоғары аудиторлық палата Қазақстан Республикасы Президент әкімшілігінің тапсырмасына сәйкес, “Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры” коммерциялық емес акционерлік қоғамы және оның өңірлік филиалдары қызметінің тиімділігіне мемлекеттік аудит жүргізді.
Жоғары аудиторлық палатаның мүшесі Нұрлан Нұржанов аудиттің қорытындылары бойынша анықталған бұзушылықтар мен негізгі жүйелі мәселелеріне тоқталды.
Оның мәліметінше, аудит қорытындылары қор активтерінің үдемелі өсуін көрсетіп отыр. 2022 жылы активтердің түсімі 1,2 трлн теңгені құраса, 960 млрд теңгесі пайдаланылды.
2023 жылы активтердің түсімі 1,4 трлн теңгеге дейін ұлғайып, оның 1 трлн теңгесі пайдаланылды. Қордың инвестициялық табысы 2022 жылғы 66,7 млрд теңгеден, 2023 жылы 113,4 млрд теңгеге дейін өсті, комиссиялық сыйақысының да үдемелі өсуі байқалады.
Алайда қордың қолданыстағы Қаржы моделінің болжамына сәйкес, таяудағы 5 жылда Медициналық сақтандыру жүйесінің ағымдағы дамуы оның тұрақсыздығына әкеп соғады деп қарастырылып отыр. Нақтырақ айтсақ, қордың болжамды түсімдері мен шығыстарына сәйкес 2026 жылға қарай жыл сайынғы шығыстары түсімдерден асып түсіп, қор 2031 жылдан бастап міндеттемелерін орындай алмайды деп есептеліп отыр, - деп атап өтті Нұрлан Нұржанов Мәжілістегі Үкімет сағатында.
Өз кезегінде жүргізілген аудиттің нәтижесі қордың жасаған қаржылық моделінде бірқатар кемшіліктердің бар екендігін көрсетіп отыр.
Атап айтсақ, қор регламентіне қайшы келетін қаржылық моделінің түсімдерін қалыптастыру кезінде демографиялық болжамның орнына халықтың орташа өсімі қолданылғаны анықталды, сондай-ақ инвестициялық табысты есептеу кезінде қаржы құралдары бойынша сыйақының орташа мөлшері 13,5%-дың орнына 11%-ға дейін төмендетіліп есептелген.
Шығыстардың болжамына келетін болсақ, Медициналық сақтандыру жүйесіне қатысы жоқ, Тегін кепілдендірілген медициналық көмек есебінен қаржыландырылатын шығыстарда қарастыратын көрсеткіштерді;
- нақты орындалған шығыстардың орнына жоспарлы мәндерді;
- медициналық қызметтерге арналған шығыстарды қаржыландыруға пайдаланылмайтын резервтерді қарастыруға қатысты кемшіліктер анықталды.
Осылайша, аудитпен 2022-2023 жылдарға арналған қаржы моделінің кіріс және шығыс бөлігі жалпы көлемі 351 млрд теңгеге дұрыс қалыптастырылмағаны белгілі болды, - деді аудитор.
Сондай-ақ жүргізілетін актуарлық есептеулердің объективтілігін қамтамасыз ету мақсатында, Қорда Медициналық сақтандыру жүйесінің қаржылық тұрақтылығына тәуелсіз актуарлық бағалау жүргізу көзделмеген.