Жоғары аудиторлық палатасының төрағасы Әлихан Смайылов Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында кәсіпкерлік субъектілеріне мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігіне жүргізілген аудиттің қорытындысын шығарды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, аудит нәтижесінде 133 млрд теңге көлемінде бюджет қаражатының тиімсіз жоспарланғаны және пайдаланылғаны анықталған. Сонымен қатар 132 млрд теңгеге қаржылық есептің бұрмаланғаны және 13 млрд теңге сомасында қаржылық бұзушылықтар тіркелген.
Анықталған фактілер бойынша 14 материал құқық қорғау органдарына жіберіледі. Әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін 105 материал жолданды, – деді Әлихан Смайылов.
Жоғары аудиторлық палата төрағасы әрбір анықталған кемшілік бойынша нақты тапсырмалар мен ұсынымдар берілгенін атап өтті.
Олардың орындалуы Жоғары аудиторлық палатаның тұрақты бақылауында болады, – деп түйіндеді ол.