Нұра өзенінің жағасын жайлаған халық налып отыр. Жергілікті билікке айта-айта шаршады, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.
1978 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қарағанды мен Ақмола облыстарының аумағынан ағып өтетін Нұра өзенін «әлемдегі ең ластанған су айдыны» деп тапқан. Жақында тағы экологтар аталған аумақтан сынап тауыпты. Тіпті сынап, адам шашы мен ана сүтінің құрамынан шыққан.
2019 жылы сынаптың көбейіп кеткенін Қазақстанның Ұлттық гидрометеорологиялық қызметі растаған болатын. Эколог Дмитрий Калмыков дабыл қағып жүр.
Суды адам ішеді. Сынап қазір адам шашы мен ана сүтінің құрамында да бар екендігін анықтадық. Нұраның суын жазда тұрғындар бау-бақшасына пайдаланады, малын суарады. Балықты да аулап жейді. Бұл – үлкен мәселе, Үкімет бұл мәселеге шындап назар аударуы тиіс, – дейді эколог Дмитрий Калмыков.
Өзен суынан табылған сынап адамның жүйке талшықтарын зақымдайды. Мамандар мұның әуелі әйелдер мен балалар денсаулығына қауіпті екенін айтады. Балалардың ақыл-ойының жетілуін тежейді екен.
Нұра өзенінің бойында тұратын жұрт жергілікті билікке мәселені жеткізуді шаршаған. Жағдайы келгендер көшіп кеткен екен. Сынап өзенге ескі коллекторлар арқылы құйылған.
Қарағанды облысы бойынша экология департаменті Нұра өзеніндегі мәселені шешу үшін коллекторды алып тастау керек екенін айтады. Ал, бұл мәселемен мемлекет айналысуы керегін, коллектор «тарихи нысанға» жататынын айтады департаменттегілер.
Нұра ауданына сынап қайдан келді десеңіз, кеңес үкіметі кезінде Теміртау қаласындағы «Карбид» деп аталған химиялық зауыт өзенге тонналап сынап төгіп, ластаған еді. Сол кезде синтетикалық каучук өндірген зауыт 47 жыл ішінде өзенге 1500 тоннадан астам сынап төккен.
Ол кезде жұрттың денсаулығын қадағалаған советтік денсаулық сақтау мекемелері тұрғындарға зиянын елемесе керек. Тәуелсіздік алғаннан бастап қана мәселеге назар аударыла бастаған. Нұра өзенін сынаптан тазарту үшін халықаралық банктен 130 миллион доллар қаражат алған. Өзенді тазарту кезінде үш миллион текше метр қалдық шығарылған, арнайы полигонға көмілген. Сыртқа шығарылған қалдықтармен қоса топырақ қабатындағы сынаптар да анықталды. Желге ұшқан 130 миллион доллар-ай. Қаражат игерілгенімен, нәтиже жоқ.
Облыстық экологиялық мұражай экологтары 2013-2014 жылдары прагалық «Арника» қоғамдық бірлестігімен бірігіп, Нұрада зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Сарапшылар сынаптан өзен жағасы ғана тазарып, су түбі мүлдем тазармағанын анықтайды. Зерттеу нәтижесінде өзен түбіндегі құм мен алты түрлі топырақ сынамасынан сынаптың жоғары мөлшері (10 мг/кг) анықталады.
Нұрадағы сынап мөлшері көбеймесе, азаяр емес. Мұның кесірі өзен жағасындағы халыққа тиіп отыр. Нұраға тонналап сынап төгіп, ластаған химиялық зауыттың орнында бүгінде Теміртау металлургиялық комбинаты жұмысын жасап тұр. Бұл комбинат әлгі ескі коллектордың орнына жаңа тазарту қондырғысын орнатуды көздейді. Ресми билік кәсіпорынның қалдық суын қайда төгетіні жөнінде нақты рұқсат бермеген.
Су алсақ, одан қоймалжың зат көреміз кейде. Бізді қойшы, балаларымыз бар емес пе?! Олардың болашағына алаңдаймын. Туған жерден қоныс аудара салу кімге оңай тисін. Бізге бас қатырып жатқан ешкім жоқ, – дейді аты-жөнін атамауды сұраған Тегісжол ауылының тұрғыны.
Қарағандыдағы нұралықтардың шешімін таппай келе жатқан мәселесі – осы. Халыққа залалы тиіп жатыр, тез арада Үкімет назарын бұрса дейді тұрғындар.