Ауа, тағам арқылы жұғады: ДСМ қазақстандықтарды сақ болуға шақырды

Шетелге шығатын азаматтарға хантавирустан сақтану жолдары түсіндірілді

 © REUTERS / Dado Ruvic Кеше 2026, 09:17
Кеше 2026, 09:17
255
Фото: © REUTERS / Dado Ruvic

Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті шетелге шығатын қазақстандықтарға хантавирустың елге әкеліну қаупіне байланысты ескерту жасады.

Дәрігерлер хантавирустық инфекция – адамға көбіне кеміргіштер немесе олардың бөлінділері арқылы жұғатын қауіпті вирус екенін еске салды. Бұл вирус геморрагиялық қызбаны, бүйрек синдромын және хантавирустық өкпе синдромын тудыруы мүмкін.

Вирус адам ағзасына мына жолдар арқылы түсуі ықтимал:

- шаң арқылы;

- тағам арқылы;

- су арқылы;

- кеміргіштердің тістеуі арқылы.

Мамандар шетелге шығатын азаматтарға:

- кеміргіштермен байланысқа түспеуге, олардың болуы мүмкін орындарға бармауға;

- кеміргіштер ластауы мүмкін тағам мен суды пайдаланбауға;

- стихиялық және көшедегі сауда орындарынан тамақтанбауға, азық-түлікті тығыз жабылатын ыдыста сақтауға;

- жабық ғимараттарда алдын ала желдету жұмыстарын жүргізіп, дезинфекциялық құралдармен ылғалды тазалық жасауға, тазалық кезінде қолғап пен маска қолдануға;

- адам көп жиналатын жерлерде арақашықтық сақтап, маска мен дезинфекциялық құралдарды пайдалануға, қол гигиенасын ұстануға кеңес берді.

Сондай-ақ сапардан оралғаннан кейін 1–8 апта аралығында адамның қызуы көтеріліп, қатты әлсіздік, бұлшықет ауруы, жөтел немесе ентігу байқалса, дереу дәрігерге қаралып, шетелде болғанын хабарлау қажет екені айтылды.

Еске салайық, бұған дейін туристер мінген лайнерде қауіпті вирус тарап, үш адам қайтыс болғаны туралы жаздық.

Сондай-ақ ДДСҰ хантавирус жұқтырғандардың ресми санын жариялады.

Наверх