Ауа райына байланысты 10 өңірде ескерту жарияланды

16 Қараша 2021, 23:10
988
Бөлісу:
Ауа райына байланысты 10 өңірде ескерту жарияланды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Қазгидромет» РМК ауа райының бұзылуына байланысты бірнеше өңірде ескерту жариялады.

Атап айтқанда, 17 қарашада күндіз Қостанай облысының басым бөлігінде қар, тұман, көктайғақ, жаяу бұрқасын күтіледі. Оңтүстік-батыстан, батыстан жел соғады, күші облыстың солтүстік-батысында 15-20 м/с жетеді.

17 қарашада Қарағанды облысының оңтүстігінде, шығысында, орталығында, 18 қарашада басым бөлігінде қар жауады, бұрқасын, көктайғақ күтіледі. 17 қарашада облыстың батысында, солтүстігінде тұман болжанады, күндіз облыстың оңтүстігінде желдің екпіні 23-28 м/с, кей уақыттарда 30 м/с және одан жоғары көтеріледі. 19 қарашада ауа температурасы түнде -17-22 төмендейді.
17 қарашада күндіз Шығыс Қазақстан облысының оңтүстігінде, солтүстік-шығысында көбінесе қар түрінде қатты жауын-шашын күтіледі. Облыстың батысында, солтүстігінде бұрқасын, көктайғақ болады. Оңтүстік-шығыстан соғатын жел оңтүстік-батысқа ауысып, күндіз екпіні 25 м/с жетеді.

18 қарашада қар жауады, түнде облыстың солтүстігінде қар қатты жауатыны күтіледі. Облыстың оңтүстігінде, солтүстік-шығысында бұрқасын болады. Желдің күші 23-28 м/с, кей уақыттарда 30 м/с және одан жоғары артады. 19 қарашада ауа температурасы түнде -17-22, солтүстік-шығыста -25, күндіз -13-18, солтүстік-шығыста -22 градус аязға дейін күрт төмендейді.

Күндіз 17 қарашада Ақтөбе облысында облыстың солтүстігінде жаяу бұрқасын, көктайғақ күтіледі. Желдің жылдамдығы - 15-20 м/с.

17 қарашада Ақмола облысының солтүстігінде, батысында тұман, жаяу бұрқасын күтіледі. Оңтүстік-батыстан жел соғады, күндіз облыстың солтүстік-батысында күші 15-20 м/с артады.

17 қарашада Алматы қаласында күндіз қар және жаңбыр түрінде жауын-шашын болады. Күндіз 17 қарашада - тәулік бойы, 18 қарашада кей уақытта тұман, көктайғақ болжанады.

17 қарашада күндіз Батыс Қазақстан облысының солтүстік-шығысында тұман, көктайғақ күтіледі.

17 қарашада Қызылорда облысының орталығында және шығысында көктайғақ, бұрқасын болады. Желдің екпіні - 15-20 м/с.

17 қарашада күндіз Солтүстік Қазақстан облысының басым бөлігінде қар күтіледі. Облыстың солтүстігінде, батысында жаяу бұрқасын болады. Облыстың оңтүстік-шығысында түнде және таңертен тұман болжанады. Желдің жылдамдығы 25 м/с жетеді.

17 қарашада Павлодар облысының солтүстігінде, батысында тұман күтіледі.

Өзгелердің жаңалығы