13-14 желтоқсан күндері Қазақстанның барлық дерлік өңірінде қолайсыз ауа райы күтіледі. Синоптиктер қар жаууы, боран, көктайғақ және екпінді жел болатынын ескертеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қызылорда облысында түнгі және таңғы уақытта облыстың солтүстігі мен орталығында көктайғақ, оңтүстігінде тұман күтіледі. Қызылорда қаласында да мезгіл-мезгіл тұман түсуі мүмкін.
Солтүстік Қазақстан облысында қар жауып, боран соғады. Күндіз желдің екпіні 28 м/с-қа дейін жетіп, облыстың солтүстігі мен шығысында кей жерлерде 30 м/с-қа дейін күшеюі ықтимал.
Ақтөбе облысында қар, боран және көктайғақ болжанады. Облыстың батысы мен солтүстігінде қалың қар жауып, желдің жылдамдығы 30 м/с-қа дейін жетеді.
Түркістан облысының батысында, оңтүстігінде және таулы аймақтарында тұман күтіледі. Желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге дейін барады.
Батыс Қазақстан облысында қар жауып, көктайғақ пен боран болады. Батысы мен солтүстігінде жауын-шашын күшейіп, жел екпіні 28 м/с-қа дейін жетеді.
Алматы облысында түнгі және таңғы уақытта көктайғақ болуы мүмкін. Желдің екпіні 15-20 м/с-қа дейін күшейеді.
Атырау облысында қар мен жаңбыр жауып, көктайғақ пен кей жерлерде төменгі боран күтіледі. Желдің жылдамдығы 28 м/с-қа дейін жетуі мүмкін.
Жетісу облысының таулы аймақтарында көктайғақ пен тұман болжанады. Алакөл көлдері маңында желдің екпіні 30 м/с-қа дейін күшеюі ықтимал.
Мамандар жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді барынша сақ болуға, алыс жолға шығудан уақытша бас тартуға және қала ішінде әрі республикалық трассаларда қозғалу кезінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады.
Бұған дейін 13-14 желтоқсан – демалыс күндері ауа райы қандай болатынын хабарладық.