Бүгінде балалардың компьютерлік ойындарға тәуелділігі күн санап артуда, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл тек ата-ананы ғана емес, дүйім қоғамды ойландыратын дүние. Дәрігерлер, психологтар мұндай ойындардың бала санасына тигізетін зияны көп екенін айтады. Тапжылмай отырып ойын ойнау, біріншіден, баланың ой-өрісінің дамуын шектесе, екіншіден, оның мінез-құлқының өзгеруіне әсер етеді екен.
Қазіргі ойындардың көбі — атыс-шабыс, төбелестен тұрады. Бұл алдымен баланың мінез-құлқына әсер етеді. Өйткені ойын ойнап отқан бала үнемі ұта бермейтіні анық. Кейде жеңеді, кейде жеңіледі. Ұтылған сайын баланың жүйке жүйесі бұзылып, ашу-ызаға жол береді. Сондай-ақ, атыс,шабыс ойындарын ойнайтын бала бойында мейірімділік, ізгілік секілді қасиеттер азаяды,- дейді психолог Айнұр Батырғалиева.
Қоғамды алаңдатып отырған да осы мәселе. Қазір кішкентай сәбидің өзін кей ата-ана ерте жастан телефон беріп тынышталдыруға тырысады. Өсе келе баланың қалта телефонға деген әуестігі артып, тәрбиені ата-анадан емес, вертуалды әлемнен алары сөзсіз. Сондықтан әрбір ата-ана баланың не көріп, нені ойнап жүргендігін жіті қадағалауы керек.
Балалар қазіргі заман ағымымен бірге өсіп келеді. Бірақ, тәрбие әр отбасынан басталуы керек. Баласының болашағы кез-келген ата-ана үшін маңызды деп ойлаймын. Сондықтан баламның қандай ойын ойнайтынын жіті қадағалауда ұстаймын. Тіпті күніне бір сағат қана ұялы телефонда отыруға рұқсат беремін. Сабақтан тыс уақытта спорттық, мәдени үйірмелерде уақыт өткізгенін назарда ұстаймын, - дейді ата-ана Алия Файружанова.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, балалардың компьютерлік ойындарға қызығушылығы 3-4 жасынан басталады. Бірақ бұндай кезде баланы компьютерге жақындатуға мүлде болмайды дейді психолог.
Бала 7 жастан асқаннан кейін ғана аптасына бір рет және аз уақыт компьютерге үйреткеніңіз жөн. Ал бесінші сыныптан кейін оқушының бұндай ойындарға қызығушылығы қатты байқалады. Баланы ойындардан ұрыспай, айқайламай түсіндіріп алыстату керек.Үйірмелерге ызықтырып, әдеби кітаптар оқытып тәуелділіктен ажыратуға ұмтылған абзал,-дейді психолог.