Құрылтайдағы брифингте Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Түркиядан Қазақстанға экстрадицияланған атыраулық хакерге қатысты қылмыстық іс бойынша мәлімет берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, күдіктіге алаяқтықтың 12 эпизоды бойынша айып тағылған. Қазіргі уақытта іс сотқа дейінгі тергеп-тексеру сатысында.
Қазіргі таңда алаяқтықтың 12 эпизоды бойынша айып тағылды. Қазір іс сотқа дейінгі тергеуден өтіп жатыр. Қалған ақпаратты жария етуге құқығым жоқ, – деді Санжар Әділов.
Атыраулық хакер туралы ақпарат Атырау облысы Қызылқоға ауданына қарасты Жангелдин ауылында бір отбасының хабар-ошарсыз кетуіне байланысты тараған еді. Ол әлеуметтік желіде жоғалған отбасы мүшелерінің қайда болуы мүмкін екенін болжап, өз нұсқасын ұсынған.
Хакердің мәліметінше, қараша айында ықтимал күдікті шамамен екі аптаға Түркияға барған. Сол уақытта жоғалған отбасы мүшелерінің біріне тиесілі банк картасы пайдаланылған болуы мүмкін. Кейін ер адам Ақтауға оралып, Қазақстан аумағында жүрген деген болжам айтқан.