Ішкі істер министрлігі Атырау облысындағы қанды қылмысқа қатысты видео жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Атырау облысындағы Жангелдин ауылында жоғалған отбасыға қатысты қылмыс ашылды.
2025 жылдың желтоқсан айында полицияға 66 жастағы ер адамның, 64 жастағы әйелдің, сондай-ақ олардың балалары - 32 жастағы ұлы мен 35 жастағы қызының хабар-ошарсыз кеткені туралы хабарлама түсті. Туыстарының айтуынша, отбасы қараша айынан бері байланысқа шықпаған. Төртеуі де жоғалып кеткен адамдар ретінде іздеуге жарияланды. Осы дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, жедел-тергеу тобы құрылды.
Өткен жылдың желтоқсан айының соңында Атырау қаласының тұрғыны полицияға хабарласып, ағасы мен оның отбасы ұзақ уақыт бойы байланысқа шықпай жүргенін айтты. Жүргізілген жедел-тергеу іс-шараларының нәтижесінде өлтірілген адамдардың мәйіттері әртүрлі жерлерден көмілген күйде табылды, - деді ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетов.
6 қаңтарда тергеу әрекеттері барысында үйдің шаруашылық құрылысының ішінен отбасының әкесі мен анасының мәйіттері табылды. Осыдан кейін іс адам өлтіру дерегі бойынша қайта сараланып, балаларды іздестіру жалғасты.
Қылмыс жасады деген күдікпен халықаралық іздеуге 29 жастағы ер адам, яғни осы отбасының бұрынғы күйеу баласы жарияланды. Онымен бірге халықаралық іздеуге ерлі-зайыптылардың кіші қызы да берілді. Бұрын ол күдіктімен некеде тұрған.
Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері Индонезия Республикасындағы шетелдік әріптестерімен бірлесіп, аталған елдің аралдарының бірінде Атырау облысындағы қылмысқа күдіктіні ұстады. Қазіргі уақытта ол Қазақстанға депортацияланып, уақытша ұстау изоляторына қамалды, - деді ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетов.
Күдікті Индонезияда ұсталды. Онымен бірге отбасының кіші қызы да анықталды. Ұсталғаннан кейін ер адам кінәсін мойындады. Оның көрсетуімен жедел-тергеу тобы қосымша тергеу әрекеттерін жүргізді. Атыраудағы үй ауласын тексеру барысында бұған дейін хабар-ошарсыз кеткен ұл мен қыздың мәйіттері табылды.
Қылмысқа ұзақ уақытқа созылған тұрмыстық жанжалдар себеп болған. Тергеу екі және одан да көп адамды өлтіру бабы бойынша жүргізілуде, іс министрліктің бақылауында, - деді Қанат Нұрмағамбетов. Қазіргі уақытта тергеу жалғасып жатыр және ерекше бақылауда.
Сондай-ақ отбасының кіші қызының бұл іске қатыстылығы тексерілуде.
Оның психикалық жағдайын анықтау мақсатында ол сот-психиатриялық сараптама жүргізу үшін медициналық ұйымға жіберілді.
ІІМ қылмыс жасағаны үшін жазаның бұлтартпастығы құқық қорғау органдары жұмысының негізгі қағидаттарының бірі екенін еске салады.
Еске салайық, бұған дейін Атырау облысындағы Жангелдин ауылынан ерлі-зайыпты мен олардың екі ересек баласы бар отбасының хабар-ошарсыз кеткені белгілі болған еді.
Ал 6 қаңтарда жантүршігерлік дерек белгілі болды. Үйдің жанындағы қорадан ерлі-зайыптылардың мәйіті табылған.
Кейін құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының порталында күдікті ретінде марқұм зейнеткерлердің күйеу баласы Сұлтан Сәрсемалиевтің аты-жөні көрсетілген жазба жарияланды. Ол жұбайымен бірге халықаралық іздеуге алынды.
Сондай-ақ біз Атырау облысындағы қоғамды шошытқан сұмдық оқиғаның хронологиясына тоқталған едік.
Аталған іске қатысты полиция атыраулық «хакерді» іздестіріп жатқанын жариялады. Одан кейін марқұм әйелдің соңғы аудиохабарламасы күдік тудырғаны айтылды.