Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жолдың белгіленбеген жерінен өтпеу керектігі туралы полиция қызметкерлерінің бірнеше рет ескертуіне қарамастан, жолды кесіп өтетін жаяу жүргіншілер жиілеуде.
Сондықтан, бүгінде көлік жүргізушілермен қатар, жаяу жүргіншілер де полиция қызметкерлерінің жіті назарында.
Азаматтар көбінесе жолды дұрыс емес жерден кесіп өтеді, сонымен қатар жол апатына себеп бола отырып, бағдаршамның қызыл түсіне мән бермейді.
Жыл басынан бері жол ересін бұзғаны үшін 3000-ға жуық жаяу жүргінші әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Мысалы, 23 желтоқсан күні сағат 01:57 шамасында Атырау-Доссор тас жолы, Агат ғимараты тұсында 1989 ж.т., азамат жолдың белгіленбеген жерінен жолды кесіп өткен. Осылайша, ол өзінің өміріне қауіп төндірген. Аталған азаматқа қатысты ҚР ӘҚБтК-ның 615-бабымен (жаяу жүргiншiлердiң және жол жүрісіне өзге де қатысушылардың жол жүрісі қағидаларын бұзуы) әкімшілік хаттама жасақталып, екі айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды, - делінген полиция департаментінің хабарламасында.
Одан басқа, тәртіп сақшылары жаяу жүргіншілерге жол бермеген 1000-ға жуық көлік жүргізушілерін анықтап, оларға қатысты ӘҚБтК-нің 600-бабымен (жаяу жургіншілерге арналған өткелінен жаяу жүргіншілерге жол бермеу) әкімшілік хаттамалар жасақталып, әрқайсысына 29 170 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Осы орайда Атырау қаласы Полиция басқармасы қала тұрғындарына жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді жол жүру ережелерін қатаң сақтауға, жолдардағы жылдамдықты асырмауға, қарсы қозғалыс жолағына шықпауға, қашықтықты сақтауға және маневр жасау ережелерін бұзбауға шақырады.