Атырауда жыл басынан бері 133 бала шетінеп кеткен

6 Тамыз 2019, 16:34
2158
Бөлісу:
Атырауда жыл басынан бері 133 бала шетінеп кеткен

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2018 жылы Атырау перинаталдық орталығында 108 сәби шетінеп кеткен. Мекемеде жыл сайын бала өлімі артып отыр. Бұл туралы atpress.kz сайты жазады. 

Атырау облысы прокурорының аға көмекшісінің міндетін атқарушы Дәулет Аймағамбетовтың айтуынша, облыстық перинаталдық орталықта жыл басынан бері 5 046 бала дүниеге келген. 56 бала туа сала шетінеп кетсе, 77 бала анасының құрсағында жатып шетінеп кеткен.

Жыл басынан бері медицина қызметкерлерінің кәсiптік мiндеттерiн тиiсiнше орындамауы фактісі бойынша бес қылмыстық іс қозғалған. Оның екеуі бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, бір іс сотта жатыр, ол бойынша сот-медициналық сараптама комиссиясы қайта тағайындалған.

Босанған әйелдің өлімі бойынша бір жағдай тіркелген. 26 мамыр күні облыстық перинаталдық орталықта Исатай ауданы тұрғыны қайтыс болған. Бұл іс бойынша да ҚР Қылмыстық кодексінің 317 бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

«Тұрғындар арасында сәби өлімі алаңдатарлық жайт болып тұр. Бұл оқиғалар прокуратура қызметкерлерінің назарынан тыс қалмады. Дәрігерлердің кінәсін анықтау бойынша қызметтік тексеріс жүргізілуде. Жағдайды сараптап тиісті органдарға - денсаулықсақтау басқармасы, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына тиісті тапсырмалар берілді. Істі бақылауға Нұр-Сұлтан қаласынан тәуелсіз сарапшылар да тартылды. Тексеріс қорытындысы бойынша тиісті шаралар қолданылатын болады», - делінген қадағалаушы ведомство таратқан хабарламада.

Сонымен қатар, бала өлімінің алдын алу мен салдарын анықтау мақсатында облыстық перинаталдық орталықта және қалалық босану үйінде қалалық прокуратура қызметкері қабылдау жүргізеді және жүкті келіншектердің арыздарын қабылдайтын жәшік орнатылған.

Өзгелердің жаңалығы