Атырауда жол жөндеу жұмыстары қызып жатыр

15 Маусым 2022, 12:45
2941
Бөлісу:
Атырауда жол жөндеу жұмыстары қызып жатыр
PHOTO
Фото: автордан

Атырау, BAQ.KZ тілшісі. Дүниежүзілік экономикалық форумның деректері бойынша, Қазақстан жол сапасы жағынан әлемде 93-ші орында. 2022 жылы республикалық маңызы бар жолдардың 91% және жергілікті жолдардың 85% -н нормативтік жағдайға келтіру жоспарланған. 

Ол үшін елімізде жалпы ұзындығы 4,3 мың шақырым автожолды қайта жаңғырту және жаңа жолдар салу бойынша ірі жобаларды іске асыру көзделген. Мәселен, мұнайлы Атырау облысында жол сапасын 61 пайыздан 70 пайызға көтеру көзделген. Бүгінгі ахуал қандай? Осы және өзгеде сауалдарды 3 жылдан бері өңірдегі жолдардың сапасын тексеретін бірден бір мекеме ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі «Жол активтері сапасы ұлттық орталығы» РМК Атырау облысы бойынша филиалының директоры Бекбол Мұқашовқа жолдадық.

Атырауда жол жөндеу жұмыстары қызып жатыр

-Бекбол Ерболұлы, «Жол активтері сапасы ұлттық орталығы» РМК Атырау облысы бойынша филиалы құрылған кезде көпшілік оның негізгі атқаратын қызметі туралы білген жоқ. Жекеменшік  жол зертханасы деп танығандар да бар. Сондықтан әуелі негізгі мақсат-міндеттеріңізге тоқталыңызшы.

- Жол сапасын жақсарту – бізге қойылған басты міндет. Кәсіпорын 3 жыл бұрын ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің базасында құрылды. Биылдан бастап, комитетке емес, тікелей министрлікке қараймыз. Ұлттық сапа орталығының негізгі мақсаты - еліміздегі автомобиль жолдарын салу, қайта жаңғырту, жөндеу және күтіп ұстау кезіндегі жұмыстарды тексеру, пайдаланылатын жол құрылыс материалдарының сапасын сараптау, сондай-ақ жол активтерін басқару. Қазіргі уақытта жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарындағы және елді мекендер мен қалалардың көшелеріндегі жұмыстар мен материалдардың сапасына сараптама, жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарын орташаға жөндеуге ведомстволық сараптама жүргізеді. Сонымен қатар, автомобиль жолдарын диагностикалау және аспаптық тексеруден өткізеді. Халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарындағы жол-көлік инфрақұрылымы қауіпсіздігіне мониторинг жасайды. Филиалда заманауи сынақ зетрханасы және жылжымалы жол зертханасы бар. Айта кетейін, филиал кезіндегі «Атырау жол зертханасы» базасында құрылды. Зертхана 2019 жылға дейін тек республикалық маңыздағы автомобиль жолдарының сапасын тексерумен шектелді. Кәсіпорын құрылғалы ҚР «Автомобиль жолдары туралы» заңына өзгерістер енгізіліп, облыстық деңгейдегі және елді мекендердегі автомобиль жолдарын сараптамадан өткізу құқығы берілді.

Атырауда жол жөндеу жұмыстары қызып жатыр

- Өзіңіз білесіз Атырауда жол сапасы сын көтермейді. Республикалық маңыздағы жолдарға қарағанда жергілікті жолдардың жай-күйі алаңдатарлық. Жыл сайын көктем шығысымен қала жолдары шұрық-тесікке айналады. Бұған не себеп? 

-Атырау облысы көлемінде 3047 шақырым жол бар. Соның 1125 шақырымы республикалық, 1927 шақырымы облыстық және аудандық жол. Соңғы мәліметтер бойынша, 1272 шақырым жол жақсы және қанағаттанарлық жағдайда. Біздің  мекеме алғаш құрылған 2019 жылы республикалық және облыстық деңгейдегі 39 жолды тексерді. Оның 15-і облыстық маңызға ие жол. Осы жолдарға 442 рет тексеріске шығып, 52 ақау табылды. Жол құрылысына пайдаланылатын материалдардан 398 сынама алды. Зертхана қорытындысы бойынша 31 сәйкессіздік анықталды. 2020 жылдан қала ішілік, 2021 жылдан аудан жолдарын да тексеруді бастадық. Ал, 2021 жылы облыс және аудан көлемінде 140 шақырымнан астам жол құрылысы жүргізілді. Сіз айтып өткендей, қала ішіндегі жолдардың жай-күйі мені де алаңдатады. Ойықтардың пайда болуы көлік қозғалысына кедергі келтірумен қатар, жол көлік апатына да әкелуі мүмкін. Осы тұста айтарым, жолды сапалы салып ғана қоймай, оны күтіп ұстауға да аса қатты көңіл бөліну керек.

Алдымен қала жолдарында ойық шұңқырлардың қалай пайда болатынына тоқталайын. Қайта жаңғыртылған немесе жаңадан салынған, күрделі жөндеуден өткен жолдар бірнеше жылдан кейін сыр береді. Яғни, ауа температурасының құбылуына байланысты түрлі деңгейдегі жарыұтар пайда болады.Оны ерте көктемде анықтап, шайыр құйылуы тиіс. Егер жарықтар уақытылы бітелмесе, көктемгі қар мен жаңбыр суы асфальттың астыңғы қабатына өтеді. Салдарынан ойықтар пайда болады. Сондықтан, жол сапасын жоғалтпасын десек, қала ішілік жоларды күтіп ұстауға уақытылы қаражат бөлініп, жұмыстар уақытылы жасалуы керек. Республикалық жолдарда күтіп-ұсату жұмыстары дұрыс жолға қойылған. Жол сапасына әсер ететін тағы бір фактор қыста жолды қар-мұздан тазалау үшін себілетін инертті қоспалар құрамының талапқа сай болмауы. Қоспаның 30 пайызы ғана тұз, қалған 70 пайызы топырақ болу керек.  Алайда, кейде керісінше болады. Біз өткен жылы қыста «Сапалы жол» жобасы аясында ұйымдастырылған тексеріс кезінде  қала көшесіне себілетін қоспалардан осындай кемшіліктерді анықтап, жауапты мекемеге ескерту жасадық.   

Атырауда жол жөндеу жұмыстары қызып жатыр

 - Жолдарға ауыр жүк көліктерінен де зиян шаш етектен. Оның алдын алу үшін қандай жұмыстар атқарылуда?   

- Өте орынды сауал. Бірден заңбұзушылықтан бастайын. Жыл басынан бері ірі көлемді жүктер мен ауыр салмақ бойынша 40-тан астам хаттама толтырылып, 10 млн. теңгеге жуық айыппұл салынған. Республикалық жолдардың сапасын сақтау мақсатында көктем және жаз маусымында ауыр жүк көліктеріне бақылау шаралары күшейтіледі. Атырау облысы бойынша көлік бақылау инспекциясымен бірлескен «Жолдағы қабылдау» акциясын ай сайын өткіземіз. Акция аясында «Ақтөбе-Атырау-Ресей шекарасы /Астрахан бағыты/» республикалық жолының 573-ші шақырымы, Қарабатан елді мекені маңындағы демалыс алаңында жолдағы жүк көліктерінің салмағын тексеріледі. Атырау облысы 5-ші климаттық аймаққа жататындықтан, яғни су тасқыны ерте басталатын болғандықтан 1-наурыз бен 1-сәуір аралығында жүк көліктерінің салмағы жеке білікке 8 тоннадан асырмау көзделген. Ал, 1-сәуірден бастап  бұл көрсеткіш 10 тоннадан аспау қажет. Ал, маусым айында ауа температурасы көтеріліп, асфальт қызған кезде 8 тоннадан асатын көліктердің күндіз жүруіне, яғни 10-00 мен 22-00 аралығында жүруге  тыйым салынады. Егер 10 тоннадан асатын болса, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 571-бабы, 6-бөлімі бойынша әкімшілік хаттама толтырылады. Бұл шектеу тамызға дейін жалғасады. 

- Бекбол Ерболұлы, сіз басқарып отырған ұжымды Атыраудағы жолдар  сапасының сақшысы десек артық айтқандық емес. 3 жылдан бері жол сапасына қатысты қандай кемшіліктер анықталды? 

- 2019 жылы жасалған жұмыстардың шет жағасын әңгіме басында айтып өттім. 2020 жылы республикалық, облыстық, қалалық маңызға ие 79 жолға 908 рет тексеріске шығыппыз. Нәтижесінде 205 ақау анықталған. Оның 47-сі өрескел екен. 1448 материалдан сынама алынған. 175 сәйкессіздік анықталды.  Бұл жылы 1903 шаршы метр жол қайта салынған.  Ал, өткен жылы Атырау облысында 540 шаршы метр жолдың асфальтбетон жамылғысы қайта ауыстырылып салынды. Оның 520 шаршы метрі республикалық, ал 20 шаршы метрі жергілікті маңыздағы автомобиль жолы. Бұл жұмыстарға 3 млн теңгеден астам қаражат мердігер есебінен жұмсалды. Филиал мамандары былтыр республикалық және  жергілікті маңыздағы жолдардың сапасын тексеру үшін 945 рет жолға шыққан. Нәтижесінде республикалық жолдардан 290, жергілікті жолдардан 68 ақау анықтаған. Сондай ақ, жол құрылыс материалдарынан 1286 материал алынып, сынақтан өткізілді. 293 құрылыс материалының ҚР мемлекеттік стандарттарына сәйкес келмейтіндігі анықталды. Анықталған ақаулар бойынша Атырау облыстық мемлекеттік сәулет және құрылыс басқармасына 7 ұсыныс-хат жолданды. Жеке мекемеге 2,5 млн теңге айыппұл салынды. Және екі техникалық қадағалаушы жұмысты салақ қадағалағаны үшін алты айға лицензияларынан айырылды. Сонымен қатар, керн сынамасының суға қанығуы, тығыздық коэфициентінің сәйкес келмеуі, қиыршықтастың түйіршік құрамы пайызының сәйкес келмеуі сияқты кемшіліктер де анықталады. 

-Жолдардың сапасыз салынуына кәсіби мамандардың тапшылығы да тікелей әсер ететіні жасырын емес. Жақында өткен Үкімет сағатында жол саласында білікті кадрлар жетіспейтіндігі айтылды. Бұған не айтасыз? Сіздің мекемеде маман тапшылығы бар ма?

– Тапсырыс берушілер, мердігер мекемелер және өзіміздің кәсіпорында да тәжірибелі жол мамандарының жетіспеушілігі байқалады. Сол себепті кәсіпорынның бас директоры З.Сағыновтың  бастамасымен 3 жыл бұрын  қолға алынған «1000 мектеп» республикалық акциясы өз жемісін бере бастады. Биылдан бастап «2000 мектеп» деп аталатын акцияның мақсаты- Қазақстанда тапшы болып тұрған жол саласы мамандарына деген сұранысты өтеуге ат салысу. Аталған бағдарлама аясында кәсіпорынның Атырау облыстық филиалы өкілдері 2019 жылдан бері мұнайлы аймақтағы мектептерде 300- ге жуық онлайн және офлайн форматта кездесу өткіздік. Әлемді жайлаған пандемия салдарынан 2021 жылы Зоом платформасында 150 мектептің 1000-нан астам жоғары сынып оқушысының мамандық таңдауына бағыт-бағдар берілді. Биылдың өзінде 50-ден астам жас түлекпен кездестік.  Осы 3 жыл ішінде  акция үкілеген үмітті ақтады десек артық емес. Бүгінде 2019-2021 жылдар аралығындағы мектеп түлектері кәсіби жолшылар берген бағыт-бағдар нәтижесінде жол құрылысшысы, инженер және зертханашы сияқты мамандықтар бойынша жоғары оқу орындары мен колледждерде білім алуда. Сонымен қатар, «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» Атырау облыстық филиалы мен Атырау энергетика және құрылыс колледжі арасында меморандумға қол қойылған. Соған сай студенттер жылына екі рет филиал зертханасында ұйымдастырылатын «Ашық есік» күніне келіп, зертхана жұмысы және жаңа техникамен танысады. Үш жыл ішінде Атырау қаласындағы бірнеше колледжің студенті филиалда еңбекақы төленетін тәжірибеден өтті. Сөз басында айтқанымдай, акция әрі қарай жалғасады. Енді «2000 мектеп» деп аталатын акция талай түлектің жаңа өмірге жолдама алып, қажетті мамандықты дұрыс таңдауы кезінде жол бағдар болмақ.

Атырауда жол жөндеу жұмыстары қызып жатыр

-Бекбол Ерболұлы, атыраулықтар үшін тағы бір өзекті мәселе - «Ақтөбе-Атырау-РФ /Астрахан бағыты/» республикалық тас жолы құрылысының тұралап қалуы. Қазір министрлік бақылауға алып, сең қозғалды. Қандай жұмыстар жасалуда?

 -Иә, «Атырау-Астрахань» тас жолының құрылысын жыл соңына дейін аяқтап, халық игілігіне беру күн тәртібіндегі кезек күттірмейтін мәселенің бірі. Атырауға жұмыс сапарымен келген ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев жол құрылысына жауапты барлық мекемеге осылай деп тапсырма берді. Ұзындығы 277 шақырым "Атырау-Астрахань" тас жолын қайта жаңғырту жобасы 6 бөлікке бөлінген. 2020 жылдың желтоқсан айында 20 шақырым жол /833-853 шақырым аралығы/ пайдалануға берілді, қазір кепілдік мерзімінде. Биыл жұмыс 5 бөлік бойынша жалғасып жатыр. «Министр тапсырмасына сай, енді бұл жол уақытылы әрі сапалы салынуы тиіс. Жол құрылысын тезірек аяқтау үшін, көз қысты, бармақ бастыға жол бермеуіміз керек. Филиал инженерлері  қайта жаңғырыту жұмыстарының және құрылысқа қажетті материалдардың  сапасын қатаң бақылап отыр. Өткен жылы аталған жолдың 5 бөлігіне 149 рет тексеріске шығып, жол құрылысына қажетті материалдардан 208 сынама алынды. Алты бөлікке бөлінген жолдың 616-893 шақырым аралығындағы тексеріс кезінде жол құрылысына жауапты мердігер мекемелерге 30-ға жуық ескерту берілді. Бұған дейін де айтқанымыздай, 2 мердігер мекемеде зертхананың жоқтығы белгілі болды. Бұдан бөлек техникалық қадағалаушының жұмыс орнында болмауы, қыс мезгілінде қардың уақытылы тазаланбауы, жазда жолға су шашылмауы, айналма жолдардың тегістелмегендігі, жол салу технологиясының бұзылуы анықталды. Қазір бұл жолдың кейбір бөліктеріне қара қиыршықтас төсеу жұмыстары басталды. Бұдан кейін  жолдың беткі қабаты – ірі түйірлі ыстық асфальт және қиыршықтасты мастикалық асфальтты бетон жабындысы салынады. Жолдың 648-693-шақырымы аралығындағы қайта жаңғырту жұмыстарын  «Тодини Конструкцион Дженерали СПА» АҚ, ал  693-753-шақырымын «АНТ Иншаат Маден Санайи А.Ш.» АҚ филиалы мердігер мекемесі жүргізуде. Жақын күндері жолдың екі бөлігінің 10 шақырымына қара қиыршықтас төселеді. Ал, кейбір бөліктерде жолдың негізін төсеу жұмыстары жүріп жатыр. 

- Бекбол Ерболұлы, сөз соңында биыл жасалатын жұмыстар туралы ақпарат бере кетсеңіз. 

-«Жол активтері сапасы ұлттық орталығы» РМК Атырау облыстық филиалының жолшылары биыл Атырау қаласындағы қайта жаңғыртылатын, орташа және күрделі жөндеуден өтетін, сонымен қатар жаңадан салынатын  135,8 шақырымды құрайтын 231 көшені тексереді. Бұл жұмыстар филиал мен Атырау қалалық тұрғын-үй коммуналды шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары бөлімі арасындағы келісім-шартқа сәйкес жүзеге асырылады. Атырау қаласындағы көлік кептелісінің алдын алу және жол көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында ұзындығы 21,1 шақырымды құрайтын Әуезов көшесінен Балықшы ықшам ауданына және Зарослый елді мекеніне дейінгі тас жолды қайта жаңғырту жұмыстары басталды. Сонымен қатар, Сырым Датов, Азаттық көшесінің белгілі бір бөлігі қайта жаңғыртылады. Еркінқала, Еркінқала -2, Балауса, Ракуш, Томарлы, Бірлік-2, Қайыршақты, Тасқала – 3, Дамбы-2, Геолог, Химпоселок елдімекендерінде де тас жолдар салынады.  «Биыл көлік жүргізушілерін біраз әбігерге салып тұрған «Атырау-Индер» тас жолының «Атырау-Талқайраң» бөлігінде де жұмыс басталды. Бірінші деңгейлі жолды қайта жаңғырту 2019 жылы қолға алынып, аяқсыз қалған еді. 0-10 шақырым аралығындағы жол бойында пайда болған шұңқырлар және жол жабындысының тозуы салдарынан автокөліктер қарсы бетке шығуға мәжбүр. Оның үстіне түнде тас қараңғы. Енді жол құрылысы аяқталғасын жарықтандырылып, жол белгілері орнатылады. 

-Мұнайлы өлкедегі өзекті мәселе төңірегінде сұхбаттасқаныңызға рахмет. Жұмысыңыз жемісті болсын!

Өзгелердің жаңалығы