Атыраудағы еріктілердің қатарында таксистер мен қарапайым жұмысшылар көп

29 Мамыр 2020, 14:26
3053
Бөлісу:
Атыраудағы еріктілердің қатарында таксистер мен қарапайым жұмысшылар көп
Сұхбат PHOTO
Фото: автордан

Атырау, BAQ.KZ тілшісі. Атырау облысы ішкі саясат басқармасы жанынан Азаматтық орталықтың құрылғанына екі жыл болды. Орталық үкіметтік емес ұйымдармен белсенді жұмыс жасайды. Оған қоса аймақтағы ерікті жастардың басын қосып, елеулі еңбек етіп отырған құрылым. Орталықтың жетекшісі Әйгерім Жәрдемқызымен сұхбаттастық.

- Әйгерім Жәрдемқызы, Азаматтық орталықтың жұмысы қандай нәтиже беріп жатыр? Облыс басшыларының бұл орталықты ашудағы мақсаты не? Жалпы бағыт-бағдары қандай?

- Азаматтық орталық облыстағы азаматтық қоғам мен үкіметтік емес ұйымдарға қолдау көрсететін мекеме. Ал ҮЕҰ-ның қоғамдағы алар орны маңызды. Аталмыш құрылымның қызметі мемлекеттің, халықтың мүддесімен үндес. Билік пен бұқараның арасын жалғайтын көпір десек те болады. Сондықтан олардың жұмысын жандандырып, қоғамдағы рөлін арттыру – біз үшін бүгінгі күннің басты мәселесі. Азаматтық орталықтың атқаратын негізгі қызметтерінің бірі де осы. Мақсатымыз үкіметтік емес ұйымдардың, әлеуметтік кәсіпкерлердің жұмыс сапасын көтеру, қолдау, оларға тек мемлекеттік тапсырыс шеңберінде ғана емес, әлемдік білім гранттарын иелену бағытында жұмыс жасауға мүмкіндік туғызу. Олардың әлеуетін арттырып, қандай бағытта, қай саламен болсын қоян-қолтық жұмыс жасап, қоғамдық мәселеге атсалысуға жұмылдыру қажет. Осы бағытта бірқатар жұмыстар жасалып жатыр.

Жардемқызы1.jpg

- Атырау облысындағы үкіметтік емес ұйымдардың саны қанша? Олардың қоғаммен байланысы қандай?

- Атырау облысы бойынша тіркелген үкіметтік емес ұйымдардың саны - 657. Бірақ соның ішінде әрекет етушілердің саны бүгінгі таңда - 140. Осы белсенді ұйымдар халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарына көмек көрсетіп, білім мен ғылым, мәдениет пен өнерді дамытып, қоршаған ортаны қорғау жолында да бірнеше жұмыстар атқарып келеді. Соның ішінде "Жүректен жүрекке", "Атырау. Кішкентай ел", "Өмір гүлі", "Самға жүрегім", "Мөлдір көз", "Игі іске бастама", "Айтыс" және тағы да басқа қоғамдық қорлар мен бірлестіктерді атап өтсек болады.

- Үкіметтік емес ұйымдарға халықтың сенімі қаншалықты деп айта аласыз?

- Азаматтық орталықтың ашылғанына 2 жылдан енді асты. Халық үкіметтік емес ұйымдар туралы мағлұматты енді біліп жатыр. Жалпы қоғамдық бірлестіктер мен қоғамдық ұйымдар пайдалы шараларды ылғи ұйымдастырып жүр. Халық арасынан жағымсыз пікірлер, сенімсіздікті байқамадық. Керісінше қызығушылық танытатындар көп.

- Естуімізше, үкіметтік емес ұйымдардың мектебі ашылды. Мұның мақсаты не?

- 2018 жылдан бастап орталық қолға алып отырған "Үкіметтік емес ұйым мектебі" жобасы аясында сауат арттыру жұмыстары жүргізілді. Әсіресе, аудандық жерлердегі ұйым өкілдері мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс құжаттарын жеткілікті деңгейде толтырып білмейді. Соның салдарынан аудандық деңгейдегі лоттарды өзге қалалардағы ҮЕҰ-дар ұтып кетеді де, жұмыстарын жүргізе алмай жатады. Сол себепті ең алдымен құжат толтыру бойынша сауат арттыру жұмыстары маңызды. Осы ретте "ҮЕҰ мектебі" жобасының пайдасы зор деп есептеймін.

- Азаматтық орталықтың бастамасымн облыста қандай әлеуметтік жобалар жүзеге асты?

- Биыл ақпан айында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы Азаматтық орталықпен бірлесе отыра "Әлеуметтік жобалар" жәрмеңкесін ұйымдастырды. Шара үкіметтік емес ұйымдардың жетістіктерін, өзекті әлеуметтік мәселелерді шешудегі жаңа тәсілдері мен технологияларын көрсету, азаматтық қоғам институттары мен бизнестің мемлекеттік құрылымдармен өзара сұхбаттасуын, тең дәрежедегі әріптестілігін қамтамасыз ету, әлеуметтік идеялар мен жобаларды таныстыру, бенефициар тарту мақсатында өтті.  Жәрмеңкеге "Теңізшевройл", "Fluor", "NCOC", "Болашақ Атырау", "Fircroft Kazakhstan", "Сенімді құрылыс", "Sarens Kazakhstan", "ESS Support Service", "Болат жол" т.б. компаниялар қатысты. Үкіметтік емес ұйымдар мүмкіндігі шектеулі жандар мен ерекше балаларға арналған 14 әлеуметтік жоба ұсынды. Шара барысында әрқайсысы өз жобаларын таныстырды. Соның ішінде "Zlataru" қоғамдық қоры мен "Мөлдіркөз" қоғамдық бірлестігінің жобаларына "Fluor" және "ESS Support Service" компаниялары, "Жан Еркемай" қоғамдық қоры мен "Мүгедек әлемі" қоғамдық бірлестігінің жобаларына "SICIM" компаниясы қолдау көрсетті.

волан2.JPG

- Елімізде төтенше жағдай қабылданғанда  Еріктілер штабы құрылды. Бұл штабтың мақсаты қандай еді?

- Індетке қарсы күрес үшін "Азаматтық орталық" жанынан "Еріктілер штабы" құрылған болатын. Жалпы штаб авто-еріктілер, медицина еріктілері, мониторинг жүргізетін еріктілер, рейдке шығатындаржәне тігінші, аспаз еріктілер болып 6 бағыт бойынша жұмыс жасады.

Төтенше жағдайға байланысты құрылған осы штаб жанынан 2000-нан аса әлеуметтік аз қамтылған отбасыға азық-түлікпен көмек көрсетілген болатын. Одан бөлек, 12 мыңнан астам бірнеше реттік маскалар тігілді. Штабқа 18-55 жас аралығында 138 волонтер тіркелген. Олардың арасында таксисттер, компания қызметкерлері, үйде отырған жандар, вахтада жұмыс істеген азаматтар да бар. Қайырымдылыққа атсалысып жүргендердің көпшілігі жастар. Олар пандемия уақытында жалғызбасты қарттар мен аналарға, көпбалалы және тұрмысы төмен азаматтарға азық-түлік қаптарын күніне мүмкіндігінше 8 жанұяға жеткізіп жүрді.

Біздегі жиналған қор бұл қарапайым халықтың, мына біз бен сіздің 200-500 теңгелеп беріп жатырған садақасынан тұрады. Оған қоса, қаламыздағы әр түрлі бағытта жұмыс жасайтын белсенді мекемелер де демеушілік танытып, қомақты қаражатпен көмек қолдарын аямады. Жалпы есептейтін болсақ, осындай қайырымдылыққа бүгінгі күнге дейін 7 миллионнан астам қаражат жұмсалды.

Еріктілер үлестіріп жатқан азық-түлік себеті шамамен бір апта, он шақты күнге жетеді. Кейбір отбасылардың жағдайы тым төмен болған жағдайда, өзімізге белгілеп аламыз, мүмкіндік болса тағы екі, үш мәрте көмектесуге тырысамыз.

Алдағы күнге жоспарымыз "Халықаралық балалар күні" мерекесіне орай, осы штаб волонтерларының бастамасымен әлеуметтік жағдайы төмен отбасы балаларына сыйлық таратып, қуантпақшымыз.

- Істеріңізге сәттілік. Сұхбатыңызға рахмет!

Өзгелердің жаңалығы