Атырауда үш күн бойы толассыз жауған жаңбыр салдарынан көшелерді су басып, тұрғындар қиындыққа тап болды. Кейбір аудандарда су тұрғын үйлердің ауласына жайылып, жертөлелерді басқан. Ал жаңадан салынған жолдардың сапасына қатысты сын күшейіп, кей жерлерде асфальт үгітіле бастаған.
Тұрғындардың айтуынша, қалада су ағызу жүйесінің жеткіліксіздігі мәселені ушықтырып отыр. Жауын сайын көшелер мен аулаларға су жиналып, тұрғындарға қолайсыздық тудырады.
Су әлеуметтік нысандардың аумағына да жайылған. Мектептер мен балабақшалардың аулаларын су басып, кей көшелерде көліктердің қозғалысы қиындаған.
Қала тұрғыны Гаухар Талғаттың сөзінше, кей жерлерде су деңгейі екі метрге дейін көтеріліп, жертөлелерді түгелдей су басқан.
Әкімдік мәліметінше, соңғы үш күнде қалада 27 мм жауын-шашын түскен. Бұл маусым айындағы орташа айлық норманың 158 пайызына тең. Жаңбыр суын сору жұмыстарына 40-тан астам арнайы техника жұмылдырылған.
Қала әкімінің баспасөз хатшысы Еркеназ Қалижанның айтуынша, су сору және тазалау жұмыстары тәулік бойы жүргізілуде. Мамандар негізгі көшелерде, арық жүйелерінде, әлеуметтік нысандар аумағында және тұрғындардың өтініштері бойынша жұмыс атқарып жатыр.
Синоптиктер алдағы аптада да жауын-шашын күтілетінін хабарлады. Ал тұрғындар мәселені уақытша шешумен шектелмей, арық-дренаж жүйелерін дамыту арқылы оның алдын алу қажет екенін айтып отыр.