Атырауда «Түйе палуан» сайысы өтті

27 Ақпан 2021, 22:09
2501
Бөлісу:
Атырауда «Түйе палуан» сайысы өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Атырау облысында Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында қазақ күресінен ересектер арасында ұйымдастырылған «Түйе палуан» сайысы өтіп, жеңімпаздар марапатталды, деп хабарлады Атырау облыстық коммуникациялар қызметі.

Сайысқа өңірдің ауыр салмақтағы палуандары қатысып, бақ сынады. Іс-шара «Қазақстан – спорттық ұлт» жобасы шеңберінде «Бәйтерек» спорт клубының жүлдесіне арналды.
Бүгін сіздер нағыз білекті де жүректі палуандардың қуатты күресі қандай болатанын көрсеттіңіздер. Қазақ халқының төл өнерінің тарихы тереңде. Ғасырлар бойы келе жатқан ұлттық күресімізді дамыту мен қолдау жастарымызға да үлкен рух береді. Олардың намысын жанып, нағыз ер-азамат болып қалыптасуына оң ықпал етеді. Жыл санап спорттық клубтар мен ірі кешендер саны артуда. Оларда дайындалатын жас буынның да қарасы қалың екені қуантады. Тәуелсіздіктің 30 жылында спортшыларымыз талай мәрте халықаралық додаларда көк байрағымызды желбіретті. Олардың арасында ел тарихында ғана емес, әлем тарихында есімдерін алтын әріппен жаздырған жерлестеріміз бар. Мәселен, Пекин Олимпиадасының қола жүлдегері Арман Чилманов мен Рио Олимпиадасының жеңімпазы Ниджат Рахимовты атыраулықтар ерекше мақтан етеді. Олардың жеңісті жолын жалғайтын жастарға жағдай жасау жалғасады,-деді облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов.

​Алыптардың күресін спорт жанкүйерлері бастан-аяқ әлеуметтік желілер арқылы тамашалады. ​Жарыс нәтижесінде атыраулық Абылай Амандық 1-орын, қызылқоғалық Руслан Ізғалиев 2-орынды, Шынболат Хасанов 3-орынды иеленді. Жеңімпаздарға арнайы сыйлықтар мен қаржылай марапат берілді.​ ​

«Түйе палуан» сайысы аясында жергілікті кәсіпкерлер екі мүмкіндігі шектеулі жасқа қаржылай қолдау білдіріп, арнайы сертификат тапсырды.​


Өзгелердің жаңалығы