Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Атырауда аяқталған таеквондодан Қазақстанның бесінші жазғы Спартакиадасында Фариза Алдоңғарова чемпион атанды. 53 келіде сынға түскен ол барлық қарсыласынан басым түсіп, өз салмағындағы мықтылығын тағы бір дәлелдеді деп хабарлады Olympic.kz.
«Қазақстан Спартакиадасын бәріміз асыға күттік. Себебі, бұл жарыс та Олимпиада ойындары секілді төрт жылда бір өтеді. Сондықтан, дүбірлі сында жеңіске жету үлкен мәртебе. Соңғы үш айдан бері Спартакиадаға мақсатты түрде дайындалдық. Аздап қобалжу да болды. Бұрынғыдай көп спортшы қатысқан жоқ бұл жолы. Ұйымдастырушылар әр қаладан бір спортшыға ғана мүмкіндік берді. Финалда қызылордалық Айнұр Есбергенованы жеңдім. Енді бапкерлер қауымы алда өтетін екі халықаралық жарыста бақ сынайтынымды айтты. Әзірге он күндік үзілістемін. Менің салмағым Олимпиада бағдарламасына енбеген. Сондықтан, бұл маусымның қорытындысы жарысы қарашада өтерін Қазақстан кубогі болмақ. Сол бәсекеден соң алдағы маусымға команда жасақталады», - дейді Фариза.Еске сала кетейік, Фариза Алдоңғарова 2018 жылы Джакартада өткен Азия ойындарының қола жүлдегері.