Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Атырауда көз жұмған шекарашы сарбаз менингит жұқтырған болуы мүмкін. Атырау облысы Денсаулық сақтау басқармасында хабарлағандай, 26 қазан күні әскери бөлімнің фельдшері ауыр жағдайда әскери қызметшіні алып келген. Пациентке "шұғыл формадағы менингококтық жұқпа" деген диагноз қойылды.
Барлық көрсетілген ем-шараларға қарамастан ол 5 сағаттан кейін көз жұмды. Алдын ала ақпарат бойынша ол 26 қазан күні дәрігерлердің көмегіне жүгінген. Әскери бөлімге 16 қазан күні келген екен.
"Денсаулық сақтау басқармасы аталған жағдайды тексеру бойынша комиссия құрды. 27 қазанда әскери бөлімде эпидемияға қарсы профилактикалық іс-шаралар өткізілді. Науқастармен қарым-қатынаста болғандардың барлығын дәрігерлер тексеріп, айғақтары бойынша антибиотикпрофилактика шаралары тағайындалып басталды. Байланыста болған адамдардың арасында менингококк инфекциясына күдікті адамдар анықталмады, медициналық бақылау жүргізіліп жатыр", - делінген хабарламада.