Атыраудағы №42 мектептің оқушысы бір жыл бойы буллингке шыдап келген, деп хабарлайды Атырау облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Кеше қатарластарынан тағы оңбай таяқ жеп, үйіне мұрны қанап барыпты. Баласының мұндай күйін көрген ата-анасы білім ордасына барып, наразылығын білдірді.
Қала тұрғыны Нұргүл Жұбатырованың баласы Аманжан 7-нші сыныпта оқиды. Бұған дейін Жылыой ауданындағы мектепте білім алған. Атырау қаласындағы №42 мектепке бір жыл бұрын ауысыпты. Содан бері сыныптастарынан да, өзінен үлкен оқушылардан да әлімжеттік көріп келген екен. Сөздерінше балаға үнемі тыным бермей, әжетханаға да кіргізіп сабаған. Ақша бопсалауды да әдетке айналдырыпты.
Баламды осы мектепке бердім. Содан бері қысым көріп келе жатыр. Балалар ақша сұрайды дейді. 500-1000 теңгеден талап етеді екен. Бермесең ұрады, тебеді дейді. Мен бұған дейін қанша келіп ескерттім. Директорына да, сынып жетекшісіне де айттым. Бірақ айналып келгенде бәріне өз баламды кінәлайды. Кеше балам үйге бет-аузы қан болып келді. Баламды айналып аяқпен теуіп, мұрнын қан қылған. Бір емес, бірнеше рет теуіп тұр. Бейнебақылау камерасына түскен, анық көрініп тұр. Жазбасы бәрі бар. Балам соққы ала бергендіктен, сабаққа деген зейіні жоқ. Мектепке барғысы келмейді. Денесінің бәрі көгерген. "Мені ұрады", әжетханада қыспаққа алады дейді. Осы уақытқа дейін мектеп әкімшілігі қолға алар деп үндемей келдім. Бірақ олар балалардың арасында түрлі жағдай болады деп үндемей келді. Енді шыдамаймын. Жауапқа тартылсын,-дейді Аманжанның анасы Нұргүл Жұбатырова.
Ескерту. Видеода бейәдеп сөздер бар!
Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбадан, сабақтан шыққан уақытта аяқ киімін ауыстырып жатқан Аманжанды екі баланың өздігінен келіп ұрғаны көрінеді. Сол уақытта баланың сынып жетекшісі де болған. Бірақ ол бұл келіспеушілікті байқамадым дейді. Ал БАҚ өкілдеріне сұхбат беруі барысында, оқушыларды татуластырып, өз міндетін атқарудың орнына, Аманжанның тәртібіне шағым айтты.
Бұл оқушыға сабақ барысында пән мұғалімдерінен шағым көп. Кедергі келтіреді деп айтады. Балалармен сөзге келіп қалады дейді. Бұған дейін де ондай келіспеушілік болды. Сол себепті мен ата-аналармен жиналыс өткіздім. Оған директор да қатысты. Сосын сөйлесіп, біздер ол мәселені шешкендей болдық. Сыныптағы тағы бір оқушымен де келіспей қалып жүрді. Мен кеше болған жағдайды өз көзіммен көрген жоқпын. Дәл сол жерде тұрғаныммен, байқамай қалдым. Бізде ақша бопсалау деген жоқ негізі, - дейді Аманжанның сынып жетекшісі Жанаргүл Исенова.
Мектеп директоры да білім ордасында ақша бопсалау мүлдем жоқ деп басын ала қашты. Бірақ келіспеушіліктер болады дейді. Ата-аналардан да шағым түскен. Проблема бойынша құзырлы органдарға хабар бергендерін айтады. Жалпы жиналыс та ұйымдастырған.
Бұған дейін осындай жағдай болғанда, біз балаларды татуластырып, түсінік жұмыстарын жүргіздік. Кешегі орын алған жағдай мектеп ішінде болды, бірақ сабақтан тыс уақытта. Ата ананың арызы бойынша қазір заңды түрде жұмыстар жүргізілуде. Барлық ақпарат берілді. Негізі ата аналардан шағым болады, бірақ көп емес. Ақша бопсалайды деген жоқ. Жалпы бір-біріне тиісу деген болады. Біз міндетті түрде түсінік жұмыстарын жүргізіп отырмыз,-дейді мектеп директоры Айнагүл Бисенғалиева.
Мәселеден қалалық білім бөлімінің басшылығы да хабардар. Мектептегі жиналысқа қалмай келген Айнагүл Дүйсекенова, соңғы кезде бұл мектепте болмаса да, қала бойынша өзге білім ордаларында оқушылар арасындағы әлімжеттік пен келіспеушіліктердің көбейгенін айтады. Профилактикалық шараларды күшейттік деп отыр.
Өздеріңіз білесіздер, қазір бізде мектептердің бәрінде бейнебақылау камералары қондырылған. Осы жағдайды да сол бейнебақылау камерасындағы жазбаға қарап, анықтау мүмкін болды. Соңғы уақытта біз білім бөлімі тарапынан, камераға қаржы бөлгізіп, барлық жерге орнаттық. Осы жағдайға байланысты шұғыл түрде ата-аналары шақыртылды. Құқыққорғау органдарына сол бойда хабарланды. Мектептің міндеті тиісті органдарға хабарлау, әрі қарай сол жауаптылар шара қолдануы тиіс. Мектеп басшылығымен кеше түні бойы осы жағдай бойынша түсінік жұмыстарын жүргіздік. Таңертең ертесімен ата-аналарды шақырып, түсіндірме беріліп жатыр. Бұл мектепте бұған дейін осындай факті мүлдем тіркелген жоқ. Дегенмен соңғы кезде мектеп оқушыларының арасында басқа мектептерде әлімжеттік көрсету, әртүрлі жағдайларға душар болу бойынша деректер жиіленіп кетті. Соның ішінде бұл жерде мен ойлаймын жалғыз мектеп емес, ата-аналар тарапынан да көмек болу керек. Шақырған уақытта мектепке келу керек. Ал қазір көбі шақырған уақытта келмейді, жиналыстарға қатыспайды. Мұндай проблема бойынша ата-аналардан шағым түседі. Бірақ мектеп те, мектеп әкімшілігі балалардың өміріне немқұрайлы қарап, әрекетсіздік танытқан уақытымыз болған емес. Біз естісек, бірден құзырлы органдарға жүгінеміз. Бұл жерде құзырлы органдардың араласуы тікелей ықпал етеді. Профилактикалық жұмыс жүріп жатыр. Енді мен қазір жан-жақты анықтап жатырмын, буллинг бойынша шара алынды ма, психологпен жұмыс болды ма, балалардың өздері еш жерде есепте тұрған жоқ па, соның бәрін қарап жатырмын,-деді Қалалық білім бөлімінің басшысы Айнагүл Дүйсекенова.
Полиция қызметкерлері фактіге қатысты түсініктеме мен арыз алған. Тергеуді аяқтап, тиісті шарасын қабылдаймыз дейді.
Әлеуметтік желіні мониторингілеу кезінде аталған құқық бұзушылықтың бейнежазбасы таралып кеткендігі белгілі болды. Аталған факті бойынша құқық бұзушылыққа жол бергендер мен кәугерлер полиция бөліміне жеткізілді. 12 жастағы оқушы әкесінің арыз-шағымы бойынша 2011 ж.т. жасөспірімнің заңды өкіліне қатысты ӘҚБтКнің 127-бабы 1-бөлігімен әкімшілік хаттама жасақталып, сот-медициналық сараптамасы тағайындалды,-дейді Облыстық полиция департаментінің ресми өкілі Дина Мақсотова.
Заңға сәйкес, кәмелеттік жасқа толмаған бала жауапкершілікке тартылмайды. Сол себепті оқушылардың дөрекі қылығы үшін ата-аналары жауап береді.
Айта кетсек, білім бөліміндегілер буллинг бойынша шағымданушылар көбейді десе, облыстық полиция департаментінде ондай еш факті де статистика да мүлдем жоқ.