Атырауда лифт құлап, бірнеше адам зардап шекті

Атырауда тұрғын үй лифті құлады: Жарақат алғандар мен әкімнің реакциясы.

5 Қазан 2026, 16:59
АВТОР
 Атырау қаласының әкімдігі 5 Қазан 2026, 16:59
5 Қазан 2026, 16:59
281
Фото: Атырау қаласының әкімдігі

Атырауда тұрғын үйдің үшінші қабатынан лифт құлады. Бұл «Гранд Атырау» тұрғын үй кешенінде болды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қалалық әкімдіктің мәліметінше, сол сәтте лифт ішінде төрт адам болған. Олардың үшеуін жедел жәрдем көлігі ауруханаға жеткізді. Тағы бір адам медициналық көмектен бас тартты. 

Оқиға орнына Атырау әкімі барды. Данияр Таханов оқиға орнында жағдайды өз көзімен көріп, тұрғындармен және жауапты қызмет өкілдерімен сөйлесті. Оқиғаның мән-жайын тікелей бақылауына алды.

Қала әкімі жауапты қызметтерге лифттің авариялық төмен түсуіне себеп болған жағдайды шұғыл анықтауды, сондай-ақ қаладағы барлық лифттердің техникалық жағдайына толық тексеру жүргізіп, олардың қауіпсіздік деңгейін бағалауды тапсырды. Мәселе қала әкімінің тікелей қадағалауында, - деп хабарлады Атырау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі. 

Әкімдіктің мәліметінше, қазір Атырау қаласында 179 көпқабатты тұрғын үйде 567 жеделсаты жұмыс істейді. Тұрғындардан келіп түскен өтініштер негізінде 67 жеделсатыны ауыстыру қажеттілігі анықталған.

Бұл жерде маңызды бір мәселені түсіндіріп өткен жөн. Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңына сәйкес, көпқабатты тұрғын үйдегі жеделсаты ортақ мүлік болып саналады. Сондықтан оны күтіп-ұстау - сол тұрғын үйдегі меншік иелерінің ортақ міндеті. Яғни жеделсатыға техникалық қызмет көрсететін ұйымды тұрғындардың өздері таңдауға құқығы бар. Тиісті қызмет көрсетуші ұйыммен келісімшартты да тұрғын үйдің меншік иелері жасайды. Қала әкімдігі жеделсатыға техникалық қызмет көрсететін ұйым ретінде бұл міндетті тікелей атқармайды, - дейді әкімдік өкілдері. 

Сонымен қатар, қала әкімдігі тұрғындардың мәселесін назардан тыс қалдырмайтынын айтты.

Қазіргі таңда тұрғындардың өтініштері негізінде ауыстыруды қажет ететін 67 жеделсаты анықталған. Олар модернизациялау тізіміне енгізілген. 2026 жылға арналған терможаңғырту бағдарламасы аясында жеделсатыларды ауыстыруға немесе жөндеуге қаражат қарастырылмаған. Алайда республикалық бюджеттен тиісті қаражат бөлінген жағдайда, осы 67 жеделсатыны кезең-кезеңімен ауыстыру жоспарланып отыр. «Гранд Атырау» тұрғын үй кешеніндегі жағдайға келсек, мұнда да 7 жеделсатыны ауыстыру жоспарланған. Жұмыстардың жалпы құны 122 миллион 270 мың теңгеден асады. Оқиға болған жеделсаты бұған дейін, 2014 жылы ауыстырылған, - деп жауап берді әкімдік өкілдері BAQ.KZ сауалына. 

Айта кетейік, бұған дейін Астанада мас тұрғын екі жеделсатыны істен шығарды. 

Тағы оқи отырыңыз:

Астанада шетелдік әйел лифт ішінде дәрет сындырды 

Наверх