Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Атырау облысында коронавирус инфекциясын жұқтырған тағы 9 жағдай тіркелді. Бұл туралы Атырау облысындағы төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі Жедел штаб хабарлады.
Штабтың мәліметінше, тоғыз науқастың барлығы - Теңіз кенішінің жұмысшылары. Атап айтқанда, 1966, 1994, 1991, 1989, 1995 және 1997 жылғы ер адамдар сондай-ақ, 1983, 1971, 1978 жылғы әйел адамдар. Олар Covid-19 анықталғанға дейін бұрын коронавирус инфекциясын жұқтырғандармен байланыста болғандықтан карантиндік стационарда жатқан. Жұмысшылардан сынама алынып, нәтижесінде Covid-19 бар екендігі расталды. Қазіргі уақытта науқастардың жағдайы қанағаттанарлық. Бекітілген хаттамаға сәйкес ем алуда. Олармен байланыста болған адамдар анықталу үстінде, барлығы медициналық бақылауға алынған - делінген хабарламада.
Инфекция ошақтарына да дезинфекция жұмыстары жүргізілуде.
2020 жылғы 4 мамырдағы жағдай бойынша, Атырау облысында 193 адамда COVID-19 індеті анықталды. Ал, 76 адам дерттен айықты.