Атырауда ерекше балаларға инклюзивті шығармашылық шеберханасы ашылды

2 Сәуір 2019, 22:25
3678
Бөлісу:
Атырауда ерекше балаларға инклюзивті шығармашылық шеберханасы ашылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Орталық жұмысы 5-15 жас аралығындағы балалардың шығармашылық қабілеттерін, инклюзивті білім беру мен моторикасын дамытуға бағытталған. Бұл туралы Атырау облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.

«Венера» инклюзивті шығармашылық шеберханасы аутизм, Даун синдромы, сал ауруы секілді дамуында ерекшеліктері бар балалармен жұмыс істейді, жаңа нысанда ата-аналарға психологиялық көмек көрсету мен қолдау шаралары да қамтылған.

"Орталық 25 адамға арналған, мұнда балалармен логопед, арт-терапия, логоритмика мамандары айналысады. Сенсорлық-динамикалық интеграция залы, дене шынықтыру, бейімделу залы бар. Ата-аналарды қолдауға бағытталған шаралар да ұйымдастырылады. Бейіндік мамандардан бөлек АВА-терапия кабинеттері жұмыс істейді. АВА-терапияның басты мақсаты – баланың жеке қабілеттерін негізге ала отырып, мінез-құлық технологиясы мен әсер ету әдісі арқылы жаңа дағды қалыптастыруға, қоршаған ортаны өз еркімен меңгеруіне мүмкіндік жасау. Орталық жұмысының басталуына демеушілер көмек жасады, мемлекет тарапынан ғимарат берілді", - дейді орталық басшысы, ерекше баланың анасы Гүлбарам Ермұқанова. 

Орталықтың ашылу салтанатына Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев қатысып, атқарылып жатқан шаралардың маңыздылығын атап өтті. Жергілікті атқарушы органдар ерекше балалардың проблемалық мәселелерін шешу үшін барлық жағдай жасауға дайын. Бұл - мемлекеттің болашақ ұрпаққа деген қамқорлығы, балаларды әлеуметтік бейімдеуге қолдау көрсету.

Атырауда ерекше балаларға инклюзивті шығармашылық шеберханасы ашылды

"Қазіргі қоғамда мүмкіндіктері шектеулі балалардың әлеуметтік дамуы өзекті мәселелердің бірі. Осы орталықтың ашылуын көптен күттік. Балалар мен ата-аналардың жағдайлары баршаңызға белгілі. Ерекше балаларды әлеуметтендіру үшін не істеу керек? Біз өз тарапымыздан осындай орталықтарды құруға қажет жағдайдың бәрін жасауға дайынбыз. Облыс аудандарында да осындай орталықтар ашу мәселесі күн тәртібінде тұр. Осы сәтті пайдаланып, орталықтың ашылуына көмек қолын созған азаматтардың, демеушілер мен еріктілердің бәріне, басқаның тағдырына немқұрайлы қарай алмайтын абзал жандарға алғыс айтамын", - деді Нұрлан Ноғаев.

Орталық жұмысымен танысқан аймақ басшысы әлеуметтік мәселелерді шешуге қоғамды, қоғамдық ұйымдар мен бизнес-қауымдастықты белсенді тарту керектігін атап өтті. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстардың да маңызы зор. Азаматтық қоғам мен мемлекеттік өзара байланысы көптеген мәселелердің шешімін табуына ықпал етеді.

 


Өзгелердің жаңалығы