Атырауда емдеу мекемелеріне жедел жәрдем көліктері табыс етілді

31 Қазан 2020, 22:46
1644
Бөлісу:
Атырауда емдеу мекемелеріне жедел жәрдем көліктері табыс етілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Атырауда емдеу мекемелеріне 12 «Уаз» маркалы жедел жәрдем көлігі табыс етілді. Автокөліктерді салтанатты жағдайда табыстау рәсіміне облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов қатысты, деп хабарлайды Атырау облыстық коммуникациялар қызметі.

Салтанатты рәсімде сөз алған аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов облыс тұрғындарының денсаулығы мен қауіпсіздігі әрқашан басты назарда екеніне тоқталды.

Болуы мүмкін пандемияның екінші толқынына облыс көлемінде жан-жақты дайындық жасадық. Медицина саласын қажетті көліктермен қамтамасыз етуде Үкіметтің  үлкен қолдау жасағанын айрықша атап өткім келеді. Мысалы, облысымызға осы айдың басында 22 су жаңа жедел жәрдем көлігі келді. Жыл соңына дейін тағы он сегізі әкелінеді деп жоспарлануда. Сонымен қатар, Индер, Исатай, Қызылқоға, Мақат және Махамбет ауданына жылжымалы диагностикалық медициналық зертхана кешені берілді. Қазіргі кезде жеті ауданымызда да мобилді диагностикалық медициналық кешен бар.  Оның әрқайсысында дәрігерлер күніне 150 адам қабылдап, алпыстан астам ауруға диагноз қоя алады. Сондай-ақ жуырда тағы бір жылжымалы  зертхана облыстық обаға қарсы күрес станциясына берілген болатын. Банктердің бірінің демеушілігімен наурыз айында 8 медицина көлігі емханаларға табыс етілгенін білесіздер. Осылайша биыл облыстық медицина саласының көлік паркі ерекше жаңарып, толықты.  Бүгін міне «Каспий құбыр консорциумы» да игі дәстүрді жалғастырды. 12 «Уаз» маркалы жедел жәрдем көлігін демеушілік жасап, алып беріп отыр. Компания өкілдеріне, өңіріміздің әлеуметтік жағдайын жақсартуға қосып жатқан үлестері үшін ризашылығымды білдіремін, - деді облыс әкімі М.Досмұхамбетов.  

«Каспий құбыр консорциумы» АҚ бас директорының орынбасары Қайыргелді Қабылдин өз кезегінде компанияның әлеуметтік жобалары аясында жасалып жатқан жұмыстарына тоқталды.  

«Каспий құбыр консорциумы» АҚ-ның әлеуметтік бағдарламасы негізінде жыл сайын 3 миллион доллар қаражат бөлініп келеді. Бағдарлама негізінде балабақша, мектеп, ауруханалар, демалыс орындары, спорт алаңдары бой көтеруде. Пандемия жағдайында өңірдегі ахуалды тұрақты ұстап, індеттің алдын алу мақсатында облысқа жедел-жәрдем көлігін тапсырып отырмыз. Дәрігерлер жұмысы жедел жүруіне үлкен көмек болады деген сенімдеміз. Жыл аяғына дейін компьютерлік томография табыстуды жоспарлап отырмыз,  – деді Қайыргелді Қабылдин.

Айта кетейік, 12 су жаңа медициналық көліктер Құрманғазы, Исатай, Қызылқоға, Мақат және Махамбет аудандарына беріліп, ел игілігіне қызмет ететін болады.

Өзгелердің жаңалығы