Атырауда екпе салғызған әйел тілге келместен көз жұмды

22 Желтоқсан 2023, 04:35
598
Бөлісу:
Атырауда екпе салғызған әйел тілге келместен көз жұмды
Фото: архив

Атырауда ем-шара кабинетінде екпе салынған әйел тілге келместен көз жұмды. Дертіне дауа іздеп келіп мерт болған адам өлімінің себебі әзірге белгісіз, деп хабарлайды BAQ.KZ Zakon.kz-ке сілтеме жасап.

КТК телеарнасының хабарлауынша, қайғылы оқиға қаладағы №1 емхананың «Авангард» ықшамауданындағы бөлімшесінде болған. 51 жастағы науқас таңертең дәрігердің нұсқауымен егу кабинетіне келген. Ондағы мейірбикелер нұсқаулықтағы кавинтон дәрісін еккен. Осы кезде науқас есінен танып құлаған. Дәрігерлер алғашқы медициналық көмек көрсеткенімен, марқұм тіл тартпастан кетіпті.

Емхана басшылары бұл анафилактикалық шок болуы мүмкін дейді. Өйткені екпе саларда алдын ала сынама жасалмапты. Марқұм бұрын-соңды қандай да бір аурумен диспансерлік есепте де болмаған. Тек жақында құлағы ауырып, лор маманына қаралып жүрген. Ондағы дәрігер сурдологқа жіберген. Науқас жеке сурдологқа қаралып, маманның тағайындаған емі бойынша емхананың егу кабинетіне келген екен. Қайғылы оқиғадан кейін марқұмның туыстары жауапты органдарға арызданған.

Қазір Денсаулық сақтау министрлігінің медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті жоспардан тыс тексеру басталғанын айтты.

Қандай себеп болғаны, қандай жағдай болғаны сот-медициналық сараптама жүргізіліп жатыр. Нақты диагнозымен, өлімнің себебі сол сараптамадан кейін белгілі болады. Бірақ біз алдын ала деп айтамыз, бұл дәріге анафилактикалық шок деп ойлап отырмыз, - деді № 1 емхана өкілі Дина Кемелова.

Өзгелердің жаңалығы