Атырау облысы прокуратурасы жүргізген тексеру нәтижесінде «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» (NCOC) компаниясының экологиялық заңнаманы өрескел бұзғаны анықталды. Тексеру барысында компанияның экологиялық рұқсатсыз алауларда шикі газды шамадан тыс жағуға жол бергені белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Аталған құқықбұзушылық үшін жер қойнауын пайдаланушы Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 356-бабы бойынша (жер қойнауын пайдалану операцияларын жүргізу қағидаларын бұзу) әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Прокуратураның ұсынысы негізінде мемлекет пайдасына 3,6 миллиард теңге көлеміндегі экологиялық залал толықтай өндірілді.
Облыстық прокуратура жауапты тұлғалардың қоршаған ортаны қорғау талаптарын сақтауы – олардың тікелей міндеті екенін және экологиялық нормаларды қамтамасыз етуде қатаң жауапкершілік жүктелетінін атап өтті.
Экологиялық қауіпсіздік пен табиғатты қорғау мәселелері Атырау облысы прокуратурасының тұрақты бақылауында.