Атырауда бюджеттің 3.5 млрд теңгесі тиімсіз жоспарланған

21 Сәуір 2023, 19:03
1352
Бөлісу:
Атырауда бюджеттің 3.5 млрд теңгесі тиімсіз жоспарланған
Фото: mail.kz

Атыраудағы мемлекеттік орган өкілдері бюджеттің 3.5 млрд теңгесін тиімсіз жоспарлаған. Қазынадан бөлінген қаржының 2.4 млрд теңгесінде қаржылық бұзушылық анықталса, 1 млрд теңгесі дұрыс жоспарланбаған. 92 млн теңге де тиімсіз пайдаланылды, деп хабарлайды Атырау облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы арнайы өткен отырыста облыстағы тексеру комиссиясының өкілдері мәлімдеді. Мамандардың сөзінше, жергілікті атқарушы органдардың тарапынан жұмыстарды ұйымдастыруда бірнеше кемшілік кеткен. Атап айтсақ, «Атырау Жылу Электр орталығы» АҚ жабдықтың тозуы салдарынан энергия өндіруші кәсіпорындардың жабдықтары істен шығуы бойынша 8 тоқтату болған. Бұл өңірдің тұрғын-үйлері мен әлеуметтік инфрақұрылым объектілерін жылумен жабдықтаудың бұзылуы қаупін тудырған.

Өткен жылы облыс әкімдігінің күзгі-қысқы кезеңінде нысандардың жұмысқа дайындығы туралы қаулысы бекітіліп, облыстық ведомствоаралық комиссия құрылып, іс-шаралар жоспары бекітілген. Белгілі қағидаға сәйкес және Энергетика министрлігінің бұйрығы мен талаптарына сәйкес алынған әзірлік паспортын Энергетика басқармасы мерзімдерін көрсете отырып, бірнеше рет ескерту берілгеніне қарамастан, жергілікті атқарушы органдардың басшылары толықтай ұсынуды қамтамасыз етпеген. Автономды жылу қазандықтары бар объектілер 2022 жылы Атырау облысы бойынша барлығы 339 объект әзірлік паспортын алу үшін құжат ұсынбаған. Соның ішінде Құрманғазыда - 153, Атырау қаласында - 53, Индер ауданында - 38, Исатай ауданында - 27, Қызылқоға ауданында - 48, Мақат ауданында - 3 және Махамбет ауданында -17, - дейді Облыстық тексеру комиссиясының мүшесі Аслан Құмаров.

Миллиардтарды оңды-солды шашқандардың тізімінде Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасы мен оның қалалық бөлімі, баспаналарға коммуналдық қызмет көрсететін жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен құрылыс бөлімі де бар. Олар құжат жүзінде кей жұмыстардың сақадай сай екенін көрсетсе де, кейбір құрылғылар жоқ болып шыққан. Мекеме жауаптылары өз балансында жоқ ғимараттардың жөндеу жұмыстарына ақша да бөлген болып шықты.

Қалалық құрылыс бөлімі жоспарлау жүйесін тиісті деңгейде үйлестіре алмауының салдарынан, «Атырау қаласы Талғайраң ауылы маңындағы тұрғын үй кешені үшін сыртқы инженерлік желілерінің құрылысы» нысаны 1.5 жыл бұрын қолданысқа берілгенімен, оны іске асыру үшін жылу қазандығы әлі күнге дейін орнатылмаған. Өз кезегінде 705 мың теңгеден астам бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлағаны белгілі болды. Талғайраңдағы жаңа ғимараттарды жылумен қамтамасуз ету бөлігіндегі экономикалық нәтиже көрінбей, тұрғындарды уақытылы баспанамен қамтамасыз етуге әсер етті, - дейді Облыстық тексеру комиссиясының мүшесі Аслан Құмаров.

Ал қалалық ТҮКШ бөлімі 2022 жылы өз есебінде жоқ иесіз объектілерді жөндеу мақсатында бюджеттен 92 млн теңгеден астам қаржы бөлген. Ол ақшаны мердігерге төлеген. Мемлекеттік сатып алу бойынша 6 келісім шартын қазынашылық органға кешіктіріп тапсырған.

Осындай кем-кетікті тексеру комиссиясы үнемі бақылауда ұстайды. Сондай-ақ жауапты тұлғаларды кеткен кемшіліктің орнын толтыруға міндеттейді.

Өзгелердің жаңалығы