Атырау облысында былтырғы күзде жоғалып кеткен 23 жастағы Яна Легдокимованың денесі табылды. Бұл туралы Атырау облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Полицияның мәліметінше, марқұмның денесі Махамбет ауданындағы Жайық өзенінің жағасынан табылған.
2024 жылдың қазан айында із-түссіз жоғалған 2001 жылы туған Яна Легдокимованың мәйіті өзен жағасынан табылды. Бұл факті бойынша екі күдікті – 24 және 25 жастағы азаматтар ұсталып, қамауға алынды, - делінген ресми хабарламада.
Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы ("Кісі өлтіру") бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Тергеудің құпиялығына байланысты өзге мәліметтер әзірге жария етілмейді.
Еске сала кетейік, Яна Легдокимова 2024 жылдың 18 қазанында Атырау қаласындағы Авангард-2 шағынауданындағы үйінен кешкі сағат 22:00 шамасында шығып, қайта оралмаған болатын. Төтеншеліктер сол уақыттан бері бірнеше мәрте іздеу жүргізді. Бірақ нәтиже болмағандықтан, жұмысты тоқтатқан. Кейін 2025 жылы 20 наурызда іздеуді қайта жандандырды.