Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Атырауда бір аптада мас күйде көлік жүргізген 13 жүргізуші ұсталды.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 12-18 шілде аралығында көлік руліне мас күйде отырған 13 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Патрульдік полиция қызметкерлері 17 шілдеде түнгі сағат 23:30 шамасында «Опель Астра» маркалы автокөлігін тоқтатты. Тексеру кезінде 1988 жылы туған жүргізушіден ішімдіктің иісі байқалған. Медициналық сараптаманың корытындысымен жүргізушінің жеңіл дәрежедегі мас екені анықталды. Аталған азаматқа қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 608-бабымен (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқарғаны үшін) әкімшілік хаттама толтырылды. Көлік жүргізушісі сот шешімімен 7 жылға жүргізуші құқығынан айырылып, 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды, – деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.Сондай-ақ 18 шілдеде сағат 21:20 шамасында 50 жастағы жүргізушінің «Лада ларгус» маркалы автокөлігін мас күйде басқарғаны анықталған. Бұл азамат та сот шешімімен 7 жылға жүргізуші құқығынан айырылып, 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынған.