Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Коронавирустың жеңіл түріне және вирустық инфекцияларға шалдыққан науқастардан бөлек, облыс тұрғындары да дәрігерлер кеңесін онлайн режимде ала алады деп хабарлады Атырау облыстық коммуникациялар қызметі.
Облыстық жедел жәрдем қызметі стансасы директорының міндетін атқарушы Наргиз Баймолдаеваның айтуынша, қазіргі уақытта 103 нөмірі бойынша call-орталыққа хабарласушылар саны едәуір төмендеген.⠀
20 маусымнан бастап қоңырау шалушылар көп болды, тәулігіне 1300 қоңырау келіп түсетін. Ал қазір олардың саны шамамен 720-730. Оның 300-ге жуығы аудан тұрғындарынан. Осылайша, келіп түсетін қоңыраулар 25 пайызға азайып, онлайн-консультациялар саны да кеміді. Хабарласушылардың көп бөлігі дене қызулары көтеріліп, оларда коронавирус инфекциясының белгілері бар-жоғын анықтағысы келетіндер, сондай-ақ, мұндай жағдайда не істеу керек, қайда барып, қандай ем қабылдау қажеттігін сұрайтын азаматтар, - дейді облыстық жедел жәрдем қызметі стансасы директорының м.а. Наргиз Баймолдаева.⠀Айта кетейік, call-орталықтағы мамандар тұрғындарға қандай симптоматикалық ем қабылдау керектігін, қанша уақыт, қандай дәрі-дәрмектерді пайдалану қажеттігі жайында түсіндіру жұмыстарымен айналысады және кеңес береді. Бүгінде бұл орталықта 36 тәжірбиелі маман қызмет етеді. Олар 4 ауысымда, тәулігіне 24 сағат жұмыс істейді.