«Атырау» волейбол командасы – ел кубогінің иегері

14 Қазан 2022, 08:20
1129
Бөлісу:
«Атырау» волейбол командасы – ел кубогінің иегері

«Атырау» волейбол командасы ел кубогінің иегері атанды, деп хабарлайды BAQ.KZ ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

Атырауда 8-13 қазанда Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Мамаш Омаровты еске алуға арналған ерлер арасындағы волейболдан ел кубогін 8 команда сарапқа салды.

«Жайық» спорт кешенінде өткен дүбірлі додада «Алтай» (Шығыс Қазақстан), «Буревестник» (Алматы), «Есіл» спорт клубы (Петропавл), «Тараз» (Тараз), «Павлодар» (Павлодар), «Жетісу-Жастар» (Жетісу), «Жайық» (БҚО) пен жергілікті «Атырау»(Атырау) командаларының ойын өрнегі жанкүйерлер ықыласына бөленді.

Тартысты өткен ойындардың ақтық бәсекесінде «Буревестник» пен «Атырау» командалары кездесті. Нәтижесінде қарсыласын 3:2 есебімен ұтқан «Атырау» командасы ел кубогін ұтып алды. Ал, «Павлодар» командасы үшінші жүлдені иеленді. Жеңімпаз бен жүлдегер командаларды облыс әкімі Серік Шәпкенов құттықтады.

Елімізде бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Әсіресе, «Атырау» волейбол командасының жетістігі баршамызға қуаныш сыйлады. Бұл команда жыл сайын талай жүлдені иеленіп жүр. Жергілікті волейбол командасының жеңісі жастардың жігерін, волейбол спортына құлшынысты арттырды деп ойлаймын. Жас буын салауатты өмір салтын ұстанып, жат әдеттерден бойын аулақ ұстауы қажет. Баршамыздың міндетіміз –балалар мен жасөспірімдерді бұқаралық спортқа тартып, дені сау ұлт қалыптастыру, - деді Серік Шәпкенов.

Өзгелердің жаңалығы