Атыраулық азамат былтырдан бері жер телімін кеңейте алмай жүр. Кәсібін дамытып, жаңа нысан салуды көздеген тұрғын әкімдіктегілердің әрекетіне ашулы. Сол себепті жергілікті билікті сотқа да берген, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Нұрлан Отарбаев 25 жылдан бері кәсіппен айналысады. Атырау қаласында дүкені мен көлік жөндеу орталығы бар. Былтыр ғана кәсібін одан әрі дамытуды көздеп, әкімдіктен жерін кеңейтіп беруді өтінген. Алайда жауапты жергілікті органдағылар учаскенің мемлекетке керектігін айтып, талабын қанағаттандырудан бас тартыпты.
Жалпы кәсіпкерлік мақсатта біз жер телімін кеңейту мақсатында ұсыныс білдіргенбіз әкімдікке. Бүкіл құзырлы мекемелерден рұқсат құжаттар бар болғанымен, жергілікті билік жасанды кедергілер жасап, сылтауратып жол саламыз деп, одан қалды мүлдем қатысы жоқ беттеспейтін бетінен стадион саламыз деп соны басшылыққа ала береді. Өзіміздің жеріміз негізі 30 гектар. Соны кеңейткіміз келіп тұр, - дейді кәсіпкер Нұрлан Отарбаев.

Құзырлы орган өкілдерінің табалдырығын тоздырып шаршаған бизнес иесі кәсіпкерлер құқығын палатаға барып көмек сұрады. Ол мекеме өкілдері арнайы кеңес өткізіп, тұрғынның проблемасын ортаға салды. Жиынға қалалық әкімдік өкілдері де келіп қатысты.
Биыл маусым айының ортасында сотқа бердік әкімдіктегілерді. Процесс басталды ендігі. Соттың қорытындысын күтеміз. Президентіміздің жаңа Қазақстан, әділетті Қазақстан құрамын деген саясатын толық қолдаймыз. Кәсіпкерлік мақсатта бизнес иелеріне көмектесіңдер, субсидиялар бәрін бөліп жатыр. Әкімдік тарапынан кедергілерді алып тастасын деп жатыр. 2024 жылы екінші қыркүйекте президент өз жолдауында да осының бәрін айтқан. Тапсырмасын берген. Бірақ соған қарамастан осындай кедергілер болып тұр. Қазір нақты біздің құқығымыздың қорғалғанын қалаймыз. Заңды жер телімін алғымыз келеді, - деді Н.Отарбаев.
Палатадағылар барынша тараптарды ортақ шешімге келтіруге тырысып бақты. Алайда кәсіпкер мен жергілікті атқарушы билік өкілдері келісімге келе алмады.
Біздің өзіміздің алқашқы алдын-ала қараған сараптамамыз бойынша берген бірнеше жауаптар бір-біріне қайшы болған, негізсіз болған. Соның бәрін бүгін кеңесте қарадық. Енді қазір сот болып жатыр. Сонда да қатысып, азаматты қолдаймыз. Біз бүгін жергілікті атқарушы билік өкілдерімен кездесіп, әрекет қабылдауға тырыстық. Себебі мұндай арыздар бүгінгі күнде тек біреу емес. Тағы бірнешеуі бар. Әрине мемлекеттің мұқтажына жерді алған дұрыс. Бірақ кәсіпкер неге өзінің еңбегіне тиесілі ақысын ала алмайды? Не болмаса қазір ол жерге салынатын нысандардың жоспары бар дейді. Ол жоспар да нақты белгісіз. 10 жылда салына ма, 20 жылда салына ма? Таусылмайтын жоспар ғой. Бүгінгі таңда кәсіпкер жерін кеңейтейін десе неге кеңейтіп содан пайда көрмейді? Неге сол жерде жаңа жұмыс ұйымдастырмайды деген ой ғой, - дейді Өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Сәрсенбай Жолдыбаев.

Шенділер кәсіпкер сұрап тұрған жер учаскесінің маңына әлеуметтік нысандар салынатынын айтады. Атап айтқанда онда 3 колледж, аурухана және 12 мың орындық стадион құрылысы болады екен. Бизнес иесінің жері кеңейтілсе алдағы уақытта сол нысандарға кедергі келтіруі мүмкін дегенді жеткізді.
2025 жылғы 21 мамырда Атырау қаласының жер қатынастары, сәулет және қалақұрылысы бөлімі, "Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі" мемлекеттік мекемесінің 2025 жылғы 11 сәуірдегі №06-02-24-03-10/286 шығыс хатымен ұсынылған қорытындысына және әлеуметтік нысандар салынуына бұдан әрі, аталған нысандарға автокөлік жолдары және автотұрақтар жоспарлауына байланысты дәлелді бас тарту шығарған.
Атырау қаласы әкімі 2025 жылғы 23 мамырда Атырау қаласының жер қатынастары, сәулет және қалақұрылысы бөлімінің 2025 жылғы 21 мамырдағы №383 қорытындысын негізінде ЖШС-не қосымша жер учаскесін беруден бас тарту туралы №1174 қаулысын қабылданды, - дейді қала әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық жұмыс бөлімі басшысының м.а. Жан Досқалиев.
Жер дауының қалай шешілері әзірге белгісіз. Әкімшілік іс Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында қаралып жатыр.