Атырау облысының әкімі Telegram-дағы сауалдарға өзі жауап береді

28 Маусым 2019, 20:57
3093
Бөлісу:
Атырау облысының әкімі Telegram-дағы сауалдарға өзі жауап береді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында ашылған жаңа «Атырау радиосы» радиостудиясының тұңғыш қонағы Атырау облысының әкімі болды, деп хабарлайды Атырау облысы өңірлік коммуникациялар қызметі.

Өңірдің мемлекеттік құрылымдарының көптеген басшылары мен мамандары, сондай-ақ, Атырау облысының әкімінің өзі «Атырау облысы әкімдігі» Telegram чат-арнасындағы сұрақ – жауап арқылы халықпен тікелей диалог жүргізетіні белгілі. Аталған чаттың танымалдылығы артып келеді.

«Бұл шаралар билік органдарының халықпен тығыз байланысын, билік қызметінің ашықтығын қамтамасыз етуді, билік пен халықтың диалогын тереңдетіп, кеңейтуді көздейді. Бұл жөнінде мемлекет басшысының тапсырмасы да бар. Қазіргі таңда телеграм- чатта белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Чатта тіркелген азаматтардың саны күн санап өсіп келеді. Бүгінгі таңда 8,5 мыңнан астам адам жазылған.

Бұдан бөлек, «Атырау цифрлық қабылдау» қосымшасында 4,5 мыңға жуық адам тіркелген. Бұл біздің қызметіміздің ашықтығына, дер кезінде шешім қабылдауға, объективті ақпарат алуға ықпал етеді. Мен өзімнің атымнан Нұрлан Ноғаев деген никпен тіркелгенмін, өзім пайдаланушымын. «Ноғаев шынында өзі кіріп қарай ма?» деген күмән туындауы мүмкін. Айта кетейін, чатта өзім жұмыс жасаймын. Көмекшім де, кеңесшілер де, басқа да адамдар чатқа менің атымнан шықпайды. Себебі, менің жеке өзіме жолданған өте өзекті, түрлі салалар бойынша сұрақтар болады. Білім беру , медициналық қызмет көрсету сапасы, инфрақұрылымның дамуы, басқа да – жалпы елдің дамуы бойынша да, Атыраудың елді мекендерінің дамуы бойынша да толғандыратын сауалдарын қояды»,-деді Нұрлан Ноғаев радиостанция эфирінде.

Облыс әкімінің айтуынша, қазіргі таңда осындай телеграм-чаттар әрбір ауданда ашылған. Яғни, облыс әкімдігінің чаты және аудандарда 7 чат бар.

«Бұның нәтижесі де бар. Тиімділігі – біз объективті ақпаратты жедел алып отырамыз. Бұның пайдасы көп. Жасыратыны жоқ, ақпарат алу кейде қиындап кетеді. Күні бойы, бір жеті бойы жүреді, кейде тіпті жетпей қалып жатады. Көп жағдайда чаттың арқасында қай жерде проблемалық мәселелер туындағанын біліп, қандай шешім қабылдау қажеттігін айқындаймыз. Әрине, бұған уақыт керек. Тіпті, 8,5 мың адамның үштен бірі ғана бір мезгілде сұрақтарын жазса да, бұл өте көп. Соған қарамастан, уақыт тауып, барлық сауалға жауап беруге тырысамыз.

Қазір бұл жүйеленді, әріптестерім, басқарма басшылары, жауапты қызметкерлер бұған дағдыланды. Бұдан халыққа көрсетілетін қызметтің сапасы артты деп есептеймін. Өз басым чатты таңертең қараймын, жұмысқа келе жатып тағы шолып өтемін. Жұмыс кезінде, мүмкіндігіне қарай 15-20 минут бөлемін. Байқаймын, кешкісін сұрақтар көп болады. Чатты пайдаланушылар менің қай кезде кіретінімді білетін сияқты, сондықтан менен жеке жауап алу үшін дәл осы мезетте сауалдарын қояды. Мен өзімнің әріптестеріме де толықтай сенемін, сондықтан, бірде бір сауал жауапсыз қалмайды», – деген Нұрлан Ноғаев халықпен диалог орнатудағы Telegram чат-арнасының маңыздылығын атап айтты.

Өзгелердің жаңалығы