Атырау облысындағы “Квадрат” булану алаңын тазарту жұмысы уақытында аяқталмай, тағы кейінге шегерілетін болды. Бөлінген 7 млрд теңгені жеткізе алмаған мердігер компания өкілдері қазынадан тағы қаржы сұратқан, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Атырау қаласынан жарты сағаттық жерде орналасқан “Квадрат” булану алаңына шаhардың оң жағалауындағы тұрғын-үйлер мен нысандардың кәріз суы айдалады. Тәулігіне 14 512 текше метр, ал айына 442 мың текше метрге жуық лас су жіберіледі. Осылайша бүгінге дейін жиналған қалдықтың кесірінен булану алаңының жалпы ауданы 500 гектарды алып жатыр. Жел соқта алаңның жағымсыз исі атмосфераға тарап, қалаға дейін сезіледі. Жергілікті халыққа да, өңірдің экологиясына да кесірін тигізіп жатыр. Бұған дейін халық пен белсенділер қанша шырылдаса да, ол жерді толық тазалау жұмыстары әлі біткен жоқ.
“Квадрат” булану алаңын тазарту бойынша жобалық сметалық құжат жасақтау үшін 2017 жылы 137 млн 247 000 теңгеге конкурс жарияланды. Сол байқау қорытындысының негізінде тапсырыс беруші мен “Құрылыс эксперт проект” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арасында келісім-шарт жасалды. Жоба сараптамадан өтті. Конкурсты ұтқан компанияға 75 млн 485 мың 849 теңге бөлініп, қаржы толық игерілді. Ал 2022 жылы жобаны бастауға байқау жарияланып, оны “Павлодар өзен порты” компаниясы жеңіп алды. Мемлекеттік мекеме мен мердігер арасында шарт жасалды,-дейді Атырау қалалық ТҮКШ бөлімінің мамандары.
“Павлодар өзен порты” компаниясының жұмысы үшін бюджеттен 7 млрд теңгеден астам қаржы қаралған. Бүгінге дейін ол ақшаның 4 млрд теңгесі игеріліпті. Жұмыстың 55 пайызы жасалған көрінеді. Бірақ мердігер компания былтыр жұмысты тоқтатқан. Бөлінген миллиардтар жетпейді деп қосымша қаржы сұратқан. Оған жанар-жағармай мен құрылыс материалдарының қымбаттауын негіз еткен.
Негізгі себеп – кейбір құрылыс материалдарының қымбаттауы. Бізге мердігер компания жауаптылары осылай түсіндірді. Негізі бұл жоба 2019 жылы жасалған. Қазір енді 2025 жыл. Құрылыс жабдықтарының бағасында айтарлықтай өзгерістер бар. Жалпы жыл сайын Атырау облысы бойынша экологиялық мәселелерді шешу бағытына 10-12 млрд теңге түседі. Сол мақсатта жұмсалып жатыр,-дейді Атырау облысы бойынша Экология департаментінің басшысы Асқар Жүсіпов.
.jpeg)
Компания маманы қазір жұмыстың тоқтап тұрғанын растады. Қазір жұмыс басталғанда техникамызды сайлап жатырмыз деп отыр.
Менің білуімше, жоба мемлекеттік сараптамадан өтті. Біз сол жобаның өзгеріс енгізілген жаңа нұсқасының шығуын күтіп отырмыз. Ал қазір қыста істен шыққан техникамызды жөндеп, жұмысқа дайындалып жатырмыз,-дейді "Павлодар өзен порты АҚ Жоба жетекшісі Дидар Әліпов.
Атырау облысындағы статистика департаментінен баға өсімі жайлы ақпарат сұрадық. Шынымен 2025 жылғы наурыз айын 2024 жылғы наурыз айымен салыстырғанда құрылыс материалдарының 10,4% өскенін мәлімдеді. Тұрғын-үй жайларды жөндеу және қызмет көрсетуге арналған материалдарға 2025 жылғы наурыз айын 2025 жылғы ақпан айымен салыстрығанда 1,1% көтерілген.
Дегенмен “Квадрат” булану алаңындағы мәселе биыл ғана емес, бірнеше жылдан бері өзекті. Облысты басқарған әкімдер халық алдында есеп бергенде проблеманың бақылауда екенін айтып, уәделерін үйіп-төккен. Қазіргі облыс әкімі Серік Шәпкеновтың өзі бұл жоба 2025 жылы толық аяқталады деп сендірген еді. Бірақ айтылған сөз бос уәде күйінде қалғандай.
Алаңның аймақ экологиясы мен қарашаның денсаулығына зиян келтіріп жатқанын экологтар да растайды. Өткен айда ғана ол аумақтан сынама алып, ауа сапасының нашарлағанын мәлімдеген еді.
18-19 наурыз күндері қаладағы жағымсыз иіске байланысты Атырау облысы бойынша экология департаменті мен өзге мекемелер бірлесіп Атырау қаласының селитебтік аумақтарында ауа сапасына мониторинг жүргізді. Сынама алу жұмыстары "Квадрат" булану алаңы, Атырау қаласының 5 шақырым аумағынан, "Казтрансойл" АҚ оңтүстік беткейінен санитарлық қорғау аймағынан тыс жерден, "Атырау мұнай өңдеу зауытының" СҚА тыс жерден атмосфералық ауадан күкірсутек, көмірсутектер, бензол ластаушы ингредиенттеріне сынама алынып, нәтижесінде, "Квадрат" булану алаңынан рұқсат етілген шекті шоғырланудан асуы анықталды,-деді Экология департаментінің басшысы Асқар Жүсіпов.
Осының бәрін көре тұра шенділер жұмысты жеделдетуге асықпайды. Рекультивацияға қазынадан қосымша қанша миллион не миллиард бөлінетіні белгісіз. Соның өзінде ақ жағалылар, булану алаңы тазартылып біткен соң, ол жерге тал-терек егіліп, жайқалып тұрады деп әбден мезі болған халықты жұбатады.