Астана, BAQ.KZ. Жергілікті кәсіпкер демеушілігінің арқасында, Қазақстан чемпионы, Азия ойындарының күміс жүлдегері Медет Сұпығалиев Исатай ауданында жаңа үш бөлмелі пәтерге ие болды. Бұл туралы Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Күні бүгінге дейін Медет Сұпығалиев жұбайымен және үш баласымен жалдамалы үйде тұрған еді. Қалалық мәслихаттың депутаты Әлібек Семғалиев Исатай ауданындағы мұнай өндірумен айналысатын «Сазанқұрақ» компаниясының атынан өз үйлерін сатып алуға көмектесті.
"Менің спорттық жетістіктерімді осылай бағалағандарыңыз үшін алғысымды білдіремін. Өздеріңізге, өз күшіңізге деген сенімді жоғалтпаңыздар, тек алға ұмтылыңыздар. Мен өзімді ешқашан да мүмкіндігім шектеулі деп есептеген емеспін. Барлығы әлі алда. Облысымыз бен республикамызды кез келген деңгейдегі барлық жарыста таныту үшін қолымнан келгеннің барлығын істеймін",- деді Медет Сұпығалиев.
Қазіргі таңда Исатай ауданында 700-ден аса мүмкіндігі шектеулі жандар, 198 аз қамтылған және көпбалалы отбасылар бар. Оларға жыл сайын кәсіпкерлер көмек көрсетеді. Сұпығалиевтер отбасына берілген үй Исатай ауданындағы демеушілер есебінен сатып алынған екінші тұрғын үй.