Атырау облысында мұғалім мектеп маңынан ер адамды күрекпен қуып шықты

Мектеп маңында қолына өткір зат ұстаған ер адам көлік дөңгелектерін зақымдай бастаған. Оны көрген мұғалім бірден әрекет етті.

16 Қыркүйек 2026, 14:46
АВТОР
 видеодан алынған кадр 16 Қыркүйек 2026, 14:46
16 Қыркүйек 2026, 14:46
74
Фото: видеодан алынған кадр

Атырау облысының Шортанбай ауылында мектеп маңында өткір зат ұстаған ер адам автокөліктің дөңгелектерін зақымдаған. Қауіпті жағдайды байқаған дене шынықтыру пәнінің мұғалімі ауыл тұрғындарымен бірге ер адамның әрекетін тоқтатқан, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оқиға 14 қыркүйек күні сағат 09:40 шамасында болған. Полицияға Шортанбай ауылында жүйке ауруларымен есепте тұрған ер адамның тұрған автокөліктің төрт дөңгелегін үшкір затпен зақымдағаны туралы хабарлама түскен.

Оқиғаны мектеп маңындағы спорт алаңында жүрген дене шынықтыру пәнінің мұғалімі байқап қалған. Бейтаныс ер адамның қолында өткір зат болған. Ол көліктің дөңгелектерін зақымдай бастаған кезде мұғалім балалардың қауіпсіздігін ескеріп, дереу әрекет еткен.

Мұғалім күрек алып, ер адамға жақындаған. Ауыл тұрғындарымен бірге оның қауіпті әрекетін тоқтатып, учаскелік полиция инспекторын шақырған. Осылайша ер адам мектеп аумағынан шығарылған.

Оқиғаға қатысты Атырау облысы Полиция департаменті BAQ.KZ редакциясының сауалына жауап берді.

Аталған азамат сол күні медицина мамандарының сүйемелдеуімен тиісті медициналық мекемеге жеткізіліп, стационарлық емдеуге жатқызылды, - деп жауап берді облыстық ПД баспасөз қызметі.

Полиция қоғамдық қауіпсіздікке бейжай қарамай, дер кезінде әрекет еткен дене шынықтыру пәнінің мұғалімі мен ауыл тұрғындарына алғыс білдірді.

Қазіргі таңда оқиға бойынша тексеру жүргізіліп жатыр. Оның қорытындысы бойынша заңнамаға сәйкес тиісті шешім қабылданады.

Тағы оқи отырыңыз: Қазақстан чемпионын өндірісте ток соқты: 28 жастағы спортшы қаза тапты 

Наверх