Атырау облысында карантиндік шектеулер күшейтілді

27 Маусым 2021, 04:15
3924
Бөлісу:
Атырау облысында карантиндік шектеулер күшейтілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Атырау облысының бас санитар дәрігерінің коронавирус инфекциясының таралуына қарсы карантиндік шектеу шараларын күшейту туралы қаулысы жарияланды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Атырау облысының аумағында эпидемиологиялық жағдай тұрақталғанға дейін шаруашылықты және өзге де қызметтерді, халықтың тыныс-тіршілігін ерекше жағдайлармен шектеу шаралары енгізілсін, – деп жазылған құжатта.
Қаулыда шектеу іс-шараларының режимі мен мерзімдері облыс аумағында эпидемиологиялық ахуалдың өзгеруіне сәйкес қайта қаралуы мүмкін екені айтылған.

Сонымен қатар Теңіз кен орнында карантиндік және шектеу шаралары эпидемиологиялық жағдай тұрақталғанға дейін ұзартылатын болды.

Карантин кезеңінде вахталық әдіспен жұмыс істейтін кәсіпорындардағы жұмысшылар COVID-19-ға қарсы екпенің толық курсын алғаны туралы құжаты болғанда жұмысқа кірісер алдында және вахталық жұмысы аяқталғаннан кейін COVID-19-ға ПТР әдісімен тексерілмейді және оқшаулануды қажет етпейді. Екпе алмаған, COVID-19-ға ПТР тестілеудің теріс мәнді нәтижесі бар жұмысшылар 7 күн оқшауланады, – делінген құжатта.
Ал COVID-19 жұқтырған науқаспен қарым-қатынаста болған (жақын қарым-қатынаста) адамдар егерде коронавирустық жұқпаға қарсы екпенің толық курсын алғанына 14 күн болса, растайтын құжатты көрсету арқылы ПТР әдісімен тексерілмейді және оқшауланбайды. Тек аурудың клиникалық белгілері болмауы қажет. Екпе алмаған, жақын қарым-қатынаста болған, COVID-19-ға ПТР тестілеудің теріс мәнді нәтижесі бар адамдар 14 күн оқшауланады.

Сондай-ақ Қаулыда Атырау облысының тұрғындары құрғақ жөтел, дене қызуы, тыныс алудың қиындауы, ентігу сияқты респираторлық вирус белгілерін сезінсе, медициналық ұйымдарға бармай, жедел медициналық көмектің 103 нөміріне қоңырау шалу арқылы үйден дереу медициналық көмекке жүгіну керектігі айтылған.

5 жасқа дейінгі балалардан басқа тұрғындардың барлығы қоғамдық орында маска режимін сақтауға міндетті. Ал 65 жастан асқан адамдарға аса қажеттілік болмаса, тұрғылықты жерінен шықпау ұсынылады.

Өзгелердің жаңалығы