Атырау облысында қыз балалардың денсаулығын қорғау және онкологиялық аурулардың алдын алу бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр. Соның ішінде жатыр мойны обырының негізгі себептерінің бірі саналатын адам папиллома вирусына (АПВ) қарсы вакцинация науқаны қарқын алып келеді, деп хабарлайды BAQ.KZ Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Өткен жылы өңірде 11–13 жас аралығындағы 5 341 қыз бала АПВ-ға қарсы екпе алып, профилактикалық шаралармен қамтылған. Мамандар бұл көрсеткіш ата-аналардың вакцинацияға деген сенімі артқанын және профилактикалық медицинаның маңызын түсіне бастағанын көрсететінін айтады.
Жалпы облыста 2024–2026 жылдары шамамен 7 900 қыз баланы вакцинациямен қамту жоспарланған.
Мамандардың сөзінше, 11–13 жас вакцина салуға ең қолайлы кезең болып есептеледі. Себебі дәл осы жаста ағзада вирустың қауіпті түрлеріне қарсы тұрақты иммунитет қалыптасады.
Дәрігерлер АПВ-ға қарсы вакцина жатыр мойны обырының алдын алудың ең тиімді тәсілдерінің бірі екенін айтып, ата-аналарды қыздарын уақытылы вакцина алдыруға шақырды.