Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Атырау облысының Қызылқоға ауданы «сервистік әкімдік» форматына көшті, деп хабарлайды ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі.
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Айдос Мамыттың айтуынша, «сервистік әкімдік» – open space режимінде жұмыс істейтін арнайы жоба.
Мемлекет басшысының тапсырмасы – мемлекеттік қызметтің сапасын жақсартып, халықтың цифрлы сауаттылығын арттыру. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу мақсатын көздейтін бұл жоба аудан тұрғындарына қолайлы болады. Сол себепті, «Сервистік әкімдік» мемлекеттік қызмет көрсететін мекемелерді бір жерге шоғырландырып, азаматтарға қолайлы жағдай жасаумен ерекшеленеді. Жоба ең әуелі тұрғындар игілігіне қызмет етуді көздейді. Жергілікті атқарушы биліктің өкілдері тұрғындарға қажетті қызмет түрлерін бір жерден көрсетеді. Бұдан былай уақыты тығыз, жұмысы қауырт жандар әр бөлімді іздеп, кез-келгеннің табалдырығын тоздырмайды, - дейді Айдос Мамыт.