Атырау-Астрахан жолының соңғы монтаждау жұмыстары жүргізілуде

2 Қараша 2020, 15:40
2619
Бөлісу:
Атырау-Астрахан жолының соңғы монтаждау жұмыстары жүргізілуде

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Атырау облысындағы Атырау-Астрахань тасжолының қалған 217 шақырымында құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Реконструкция жұмыстары биыл басталып, қазір 616-833 шақырымындағы учаскеде іске асуда, деп хабарлайды Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі. 

Қайта жаңарту Атырау қаласының шекарасынан Құрманғазы ауданындағы Ганюшкин ауылына дейінгі аумақта жүргізілуде. Жоба 4 участкеге бөлінген. Жолшылар жер төсемін салу, жасанды құрылымдар мен негіздің төменгі қабатын орнату бойынша жұмыстарды жүргізіп жатыр. 

Жобаның мердігерлері – «Лянкяран Йол Тикинти» ААҚ, «Todini Construzioni Generali S.p.A», Ant Insaat Maden Sanayi A.S. және «Сине Мидас Строй» БК» ЖШС. Құрылыс Еуропа қайта құру және даму банкінің қаражаты есебінен жүргізілуде. Техникалық бақылауды «Renardet S.A» бірлескен кәсіпорны & Aarvee Associates Architects Engineers & Consultants Pvt. Ltd» & «ZS Engineering» ЖШС жүзеге асыруда.  

Жоба бойынша 217 шақырым учаскеде 8 өтпежол салынып, 63 сужүргізу құбыры орнатылмақ. Атырау-Астрахань тасжолының  616-833 шақырымындағы аумақты реконструкциялау 2023 жылы аяқталады. 

Айта кетейік, Астраханьнан Атырауға дейінгі жолдың ұзындығы 277 шақырымды құрайды. Былтыр құрылыс жұмыстары соның алғашқы 60 шақырымында басталған болатын. Ондағы қозғалыс биылғы жылдың соңына дейін ашылады деп күтілуде. 60 шақырымдық учаскедегі қайта жаңарту жұмыстары республикалық бюджеттің қаражатына жүргізілгенін айтып өту керек. 

Құрылыс жұмыстары тәмамдалған соң, Атырау-Астрахань тасжолы екі жолақты қозғалысы бар екінші техникалық санатқа сәйкес болады. Жоба жолдағы уақытты айтарлықтай қысқартып, өңірдің транзиттік әлеуетін арттырмақ. Бұдан бөлек, жергілікті тұрғындарға жол бойындағы қызметін дамытып, кәсібін дөңгелетуге мүмкіндік береді.

Өзгелердің жаңалығы