Атын ауыстырғандар, кешірім сұрағандар, қызды маркерге теңегендер. 2020 жыл несімен есте қалды?

31 Желтоқсан 2020, 11:15
12000
Бөлісу:
Атын ауыстырғандар, кешірім сұрағандар, қызды маркерге теңегендер. 2020 жыл несімен есте қалды?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 2020 жыл көпке дейін ел есінен кете қоймас. Үлкен өзгерістерге толы болды. Бір ғана коронавирус індеті көпшіліктің жоспарының астан-кестенін шығарды.

Тек соғыс жағдайында ғана тоқтайтын Олимпиаданың өзі өтпей қалды. Осының өзі көп нәрсені аңғартса керек. Біз бүгін 2020 жылы елді елең еткізген, ең шулы оқиғаларға тоқталмақпыз.

Аты мен атауын ауыстырғандар

2020 жылы есімдерін де ауыстырған танымал тұлғалар, атауын өзгерткен партиялар мен банктер де бар. Олар:

Мөлдір Әуелбекова (әнші) - Айша;

«Бірлік» партиясы- Adal;

Қазақстан  коммунистік халық партиясы - Қазақстан халық партиясы;

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» - «Отбасы банкі».

«Жыл лохотроны»

Сәуір айының соңында әнші Ернар Айдар елді бір шулатып алды. Алматыда 12 адам жиналып, карантин талаптарын бұза отырып, заңсыз лотерея өткізген. Арасында Ернар Айдар да бар. Оларды полиция онлайн түрде ұтыс жүргізіп жатқан сәтінде ұстаған. Тұтқындау операциясын Экономикалық тергеу департаменті іске асырды. Өнер иесі мен оның сыбайластары өткізген жалған лотореяда 4 автокөлік, Алматы қаласындағы бір бөлмелі пәтер мен тұрмыстық техника ойнатылған. 

Экономикалық тергеу департаменті лотереяны заңсыз деп тапты. «Алаяқтық» бабымен іс қозғады. Өйткені ойнатылған төрт көліктің жалға алынғаны анықталды. Ал пәтер мүлдем болмаған. Бұл істе әнші куәгер ретінде жауап берді.

Мен сіздерді жақсы түсінемін, сіздер маған сеніп лотерея билетін сатып алдыңыздар (ол үшін басымды иіп кешірім сұраймын). Дәл сіздердей мен де ойын ұйымдастырушыларына сеніп, алданып отырмын. Алла бәрін көріп тұр ғой, осы ойынға қатысты менде титтей де болсын арам ой болған емес, сол себепті маған да түсіністікпен қарауларыңызды өтініп сұраймын. Мен ешқайда қашып жүрген жоқпын. Сол тергеу жұмыстарына куәгер ретінде бар шындықты айтып, тергеудің аяқталуын күтіп жүрмін,- дейді әнші.

Жылдың хит әні

Елде коронавирус індетін жұқтырғандар тіркеле бастағанда әнші, композитор «коронавирус, кет, кет, кет» деген ән шығарды. Өзекті тақырыпқа арқау болған ән елге тез тарады.

Осы әнімізбен кішкене болса да халықтың көңілін көтерейік, сабырлыққа шақырайық деген ойдан туындаған ән. Қазақта баяғыда аластау деген ырым болған. Бұл әнді өзім шығардым. Шәкіртім қасымда тұрып қостады. Бір жағынан орысша - «коронавирус, нет, нет, нет». Екіншіден, қазақша «кет, кет, кет» деп келтірдік, - дейді Марат Омаров.

Кешірім сұрағандар

Бірдеңе бүлдіріп, артынан видео-кешірім сұрау да осы күнде сәнге айналып кетті. 2020 жылы кешірім сұраушылардың арасында  Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов те бар. Ол сәуірде 42 500 теңге әлеуметтік төлемді кешіктіргендеріне байланысты кешірім сұрады.

Әлеуметтік төлемдер неге кешігіп жатыр деген сұрақтар туындауда. «Мен бір апта бұрын бергенмін», «4-5 күн өтіп кетті» дегендер көп. Бұл ретте мен сіздердің алдарыңызда министр ретінде кешірім сұраймын, - деді ол.

Инстаграмда вайн түсіретін Zheka Fatbelly лақап атымен танымал болған инстаграм-блогер Жеңіс Омаров карантин талаптарын бұзғаны үшін кешірім сұрады. Ол ҚР 476-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды және сот шешімімен 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.

Құрметті қазақстандықтар! 2020 жылдың 20 сәуірінде мен төтенше жағдай мен карантин ережесін бұздым. Маған досым келіп, шашымды алды. Мен мұны Instagram желісіне жүктедім. Бұл әрекетіммен құқық бұзушылыққа шақырғым келген жоқ, - деді Омаров.

Сонымен қатар ол өз кінәсін мойындап, көпшілікті карантин режимін сақтауға шақырды.

Күйеулерінің қызметіне кедергісін келтіргендер

Журналист Гүлбану Әбенова биыл әлеуметтік желіде мақтанып, пост салатын шенеуніктердің біразының әйелін «жөнге келтірді». Мысалы, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының экс-басшысы Айбатыр Жұмағұловтың жары, белгілі тележүргізуші Гүлбаршын Зайырова бар. Ол пандемияның өршіп тұрған кезінде күйеуі сыйлаған жаңа он екінші автокөлігімен мақтанып, пост қалдырған. Осыдан кейін басы дауға қалды. Онсыз да бұл қордың жұмысына қатысты сын көп болатын. 

Сосын ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында Айбатыр Жұмағұловты қызметінен босатты.

Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары болған Алтынбек Қайсағалиевтің жары - танымал жүргізуші, актриса Нұрбигүл Егізова карантин кезінде шаштаразға барғанын әлеуметтік желіде бөлісті. Бұл халықтың ашуын тудырды. Әйтеуір, актриса айыппұл төлеп, құтылды. Бірақ қазір жолдасы Алтынбек Қайсағалиев қызметінен кетіп қалған.

Жылдың болмай қалған жұбы

Отандық телеарналардың бірінде ММА файтері Қуат Хамитов волейболшы қыз Сәбина Алтынбекованы жар еткісі келетінін айтып жар салған.

Менің ұнататын қызым бар. Бұған дейінгі қарым-қатынастарым бір айдан арыға бармайтын. Әйелімнің ұзын бойлы, әдепті және кішіпейіл, иманды болғанын қалаймын. Ол мені таниды, өзі де спортшы, волейболмен айналысады, оның аты - Сәбина Алтынбекова. Бұрындары сөйлескенбіз. Мен оның жүрегін жаулап алу үшін біраз жүгіретін шығармын, - деді Хамитов.

Бірақ Алтынбекова Қуатқа бұйырған жоқ. Ол жақында басқа жігітке тұрмысқа шықты. 

Сәбина Сәбина, мен саған енді қарай бастаған едім, қашып кеттің. Құтты болсын! Шын жүректен бақыт тілеймін! Сен тамаша жансың. Біздің барлық қыздарымыз сен сияқты сүйкімді әрі әдемі болсын. Үлгілі әйел, жақсы ана атанарыңа сенімдімін. Ал қалғандарына айтарым, босаңсымаңдар, аңшылық жалғасады, - деп жазды Қуат Хамитов Instagram-дағы парақшасында.

Елдің ашуын тудырған ролик

Шымкентте «Жезөкше» атты қысқа белдемше киген қыз туралы қысқа метражды фильм шықты. Бұл видео Қазнетте дау туғызды. Желі қолданушылары автормен келіспейтінін білдірді, олар сыртқы келбет пен киім - әр адамның жеке ісі екенін атап өтті.

Мемлекеттік сатып алу сайтында қысқаметражды бейнероликтер түсіруге лот орналастырылған. Тапсырыс беруші - Шымкент қаласының Отбасы, балалар және жастар істері басқармасының Жастар ресурстық орталығы. Қызмет көрсетуші - Таласов Серік Төребекұлы (режиссер). «Сатып алу қорытындылары бойынша зат сомасы» бағанында 6 миллион 200 мың теңге көрсетілген. Бірақ Шымкент қалалық Отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқарма басшысы Жандос Қалтаев роликке мемлекет тарапынан ақша бөлінбегенін, бұл тікелей «Талас фильм» компаниясының өзінің қаражатына түсірілген деп айтты.

«Қыз деген маркер ғой...»

 Жыл басында абайтанушы, филология ғылымдарының кандидаты Омар Жәлелдің мектептегі дәріс кезінде қыздарды кеуіп қалатын маркерге теңеген видеосы шықты.

Омар Жәлел Тараздағы Назарбаев зияткерлік мектебінде оқушы қыздарды оқуға емес, бала тууға шақырған. Бұл туралы ол қазақтың ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығына арналған дәріс кезінде айтқан.

Қыз баланың мұраты – өмір бойы оқып, «академик-доктор» болу емес, жастайынан бес зәруді бойына сіңіріп, «академик-докторларды» туып, тәрбиелеу. Қыз деген маркер ғой. Ол жазбай қалса, біз не істейміз? Әлбетте, тастай саламыз, - деді Омар Жәлел.

Оның бұл айтқаны Қазнетте біразға дейін талқыланып, елдің ашуын туғызды.

«Жығылғанға жұдырық»

Пандемиядан есін жыя алмай отырған елді атышулы «Борат» комедиясының жалғасы тіпті есеңгіретіп жібергендей болды. Бұл фильм ел ішіндегі және шетелдегі қазақстандықтар арасында тағы да әртүрлі реакция туғызды. Оның үстіне фильм шығар тұста Аустралияның Бондай Бич жағажайында түсірілген флешмобтың видеосы тараған болатын. Видеода Бораттың паригін киген 40 ер адамның Қазақстанның туын іліп қойып билеп жатқаны көрінеді. «Қор болған көк байрағым-ай» деп әлеуметтік желіде күңіренгендерде есеп болмады. Одан бөлек, «Мен көк туымды мақтан тұтам» деген жазу жазып, қарсылық білдіргендер жетерлік. Тіпті, бір топ жас Борат келемеж қылған көк туды аспандата көтеріп, АҚШ елшілігіне барып, арнайы петиция тапсырды.


Өзгелердің жаңалығы