Аттестаттау мен бақылау шаралары қағаздың көбеюіне әкеліп соқпауы керек – Аймағамбетов

7 Желтоқсан 2021, 10:26
5236
Бөлісу:
Аттестаттау мен бақылау шаралары қағаздың көбеюіне әкеліп соқпауы керек – Аймағамбетов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Білім және ғылым министрлігінің аппарат жиналысында министр Асхат Аймағамбетов балабақшаларды аттестаттауға қатысты пікірін білдірді. Айтуынша, енді бұл процесс жыл сайын өткізіліп тұрады.

Мемлекеттік аттестаттаудан балабақшалардың 80%-ға жуығы өте алмады. Бұл сапа бойынша сұрақ барын көрсетіп отыр. Осы уақытқа дейін балабақша деңгейінде мемлекеттік бақылау механизмі болмаған. Өздеріңіз білетіндей, балабақшалар лицензия да алмайды. Бұл шешім кезінде балабақшалардың санын жылдам ұлғайту үшін қабылданған болатын. Қазіргі уақытта балабақшамен қамтудың 99% көрсеткішіне жетіп отырмыз, - деді министр.

Сөзінше, бұл - 3-6 жас аралығындағылар үшін өте жақсы көрсеткіш.

Бірақ бізге керегі сапа. Ата-аналар тарапынан сұрақтар барын жақсы білеміз. Сондықтан мемлекеттік бақылаудың болуы өте маңызды. Осыған орай, заңнамаға тиісті өзгертулер енгізіліп, балабақшалардың аттестациясын алғаш рет өткіздік. Бірінші нәтижерлерді көріп отырсыздар. 80%-ға жуық балабақша аттестациядан өтпеді. Бұл сапа мәселесі барын айқындап берді. Сол себепті Білім басқармалары, Білім бөлімдері, балабақшалар мемлекеттік стандартты орындап, тиісті сапаны қамтамасыз ету үшін жұмысты ұйымдастыруы қажет, - деп атап өтті Асхат Аймағамбетов.

Аймағамбетов енді бұл жүйе кеңінен қолданылатынын айтты. Министрлік аттестаттауды дәстүрлі түрде жыл сайын өткізіп тұрады. Сондай-ақ мемлекеттік, жекеменшік, яғни барлық балабақшада сапаны қамтамасыз ету үшін бақылау жүргізіледі.

Мектеп, колледж, балабақша деңгейінде бақылау өткізгенде құжат мәселесіне көңіл бөлмей, сапа мәселесіне көңіл бөлу керек. Аттестаттау мен басқа да бақылау шаралары қағаздың көбеюіне әкеліп соқпауы керек. Сондай-ақ оған ештеңе әсер етпеуі қажет, - деп түсіндірді Білім басшысы.

Өзгелердің жаңалығы