Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Қазір жасанды интеллект, робототехника атом қаруын әрі қарай дамытуда белсенді қолданылып жатыр. Бұл туралы профессор Медеу Әбішев Алматыда өткен халықаралық конференция барысында айтты.
Қазақ ұлттық университетінің теориялық және ядро-физика кафедрасының меңгерушісі, профессор Медеу Әбішевтің айтуынша, ядролық қауіпсіздік, атом қаруының дүниежүзіне тарамауы тұрғысындағы мәселелер жаһандық қауіпсіздіктің маңызды бөлігі.
«Өйткені бұл күллі әлемді бір қалыпта, бейбітшілік жағдайда сақтауға үлкен үлес қосады. Осы тұрғыда Қазақстан БҰҰ, G-global және басқа да ірі ұйымдардың бастамаларына белсене араласып, көптеген шара жүргізіп жатыр. Біздің университет те көптеген іс атқарып жатыр, өйткені бұл бағытта ағартушылық жұмыстар өте маңызды. Адамдар ядролық қауіпсіздіктің өте маңызды екенін түсіну керек және қоғамдық пікір қалыптасу керек, біз осы бағытта жұмыстар жасап жатырмыз. Қазір жасанды интеллект, робототехникалар атом қаруын ары қарай дамытуда белсенді қолданылып жатыр. Осы нәрселерді шектеу үшін біз дабыл қағып, қоғамдық пікір қалыптастыруымыз керек», - дейді профессор.
Алматыда халықаралық ядролық сынақтарға қарсы күніне орай дөңгелек үстел өтіп жатыр. Аталған шараны Сыртқы істер министрлігінің Алматыдағы өкілдігі, БҰҰ-ның Қазақстандағы ақпараттық бюросымен және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті бірлесе ұйымдастырған.
Баршамызға мәлім, 1991 жылғы 29 тамызда Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен әлемдегі ең ірі Семей ядролық полигоны жабылды. Бұл күні Қазақстанның бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясының 64-сессиясында Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні ретінде бекітілді. БҰҰ Бас ассамблеясы БҰҰ-ны, әлем мемлекеттерін, үкіметаралық және үкіметтік емес ұйымдарды жер шарындағы ядролық сынақтарды тоқтатуға күш салуға шақырды.
Дөңгелек үстелдің мақсаты - елдің жас ұрпақтарын белсенді тарту арқылы халықаралық қауіпсіздік мәселелері бойынша диалогты дамыту.