Атеросклероздың қалай алдын алуға болады?

8 Маусым 2022, 20:40
2677
Бөлісу:
Атеросклероздың қалай алдын алуға болады?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында әлемдегі және Қазақстандағы атеросклероз бен кардиологияны зерттеу саласындағы мамандардың қатысуымен баспасөз конференциясы өтті. 

Профессор Kausik K. Ray, Атеросклерозды зерттеу жөніндегі Еуропалық қауымдастықтың Президенті және Қазақстан Республикасының жетекші сарапшылары мен дәрігерлік қауымдастықтарының өкілдері баяндама жасады.

Іс-шара аясында спикерлер қазіргі жағдайда атеросклероз проблемасына назар аудару, сондай-ақ азаматтардың денсаулығын жақсарту жолдарын бірлесіп іздеу өте маңызды деген пікірге келді. Бұл үшін бірінші кезекте дәрігерлер қоғамдастығының, денсаулық сақтауды ұйымдастырушылардың, бұқаралық ақпарат құралдарының және барша халықтың күш-жігерін біріктіру қажет.

Жыл сайын атеросклероз өлім-жітімі қатерлі ісік, пневмония, қант диабеті және басқа да көптеген аурудан, соның ішінде COVID-19 пандемиясынан болған өлімнен жоғары.

Атеросклероздың негізгі көріністері - инфаркт және инсульт - жүрек-қан тамыры ауруларынан болатын өлімнің 85%-дан астамына себепші болады. Ең қорқыныштысы - атеросклероз жас кезден бастап дами бастайды. Ол елге, ұлтқа, жынысқа және әлеуметтік мәртебеге қарамайды, - дейді сарапшылар.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бірнеше жыл бойы барлық елдерді атеросклероз проблемасына назар аударуға, сондай-ақ оның алдын алу мәселелерін денсаулық сақтау жүйесі саясатының негізгі басымдығы ретінде қоюға шақырып келеді.

Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша 2020 жылы Қазақстанда қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім 100 мың тұрғынға шаққанда 193.79 адам. Басқаша айтқанда, осы себептен Қазақстанда 36 мыңнан астам адам қайтыс болды. 2021 жылдың 5 айында қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім өткен жылдың ұқсас көрсеткішімен салыстырғанда 28,6%-ға ұлғайды. Бұл сан әрі қарай өсіп жатыр.

Алайда атеросклероздан болатын өлім-жітім мен асқынуды біршама төмендетуге болады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сарапшыларының пікірінше, жүрек-қан тамырлары аурулары асқынуларының 85%-ын салауатты өмір салтын ұстану, уақтылы тексерілу және қауіп факторларын анықтау, аурудың алдын-алу және ерте емделу арқылы болдырмауға болады.

Біздің азаматтарымыздың атеросклероздың денсаулыққа қаупі туралы хабардарлығының төмендігін назарға ала отырып, елдің жетекші сарапшылары Қазақстанда мыңдаған адам өлімінің алдын алу мақсатында атеросклероздың алдын алу, диагностикалау және емдеудің жалпы стратегиясын әзірлеп, жұртшылыққа жүгіну туралы шешім қабылдады.

Қазақстандық сарапшылар біздің миллиондаған адамды ауыр мүгедектікке ерте ұшыраудан және мезгілсіз өлімнен құтқару үшін үнсіз өлтірушімен күресте басымызды қосып, табысқа жетуден басқа амалдың жоқтығына бірауыздан келіседі.

Өзгелердің жаңалығы