Атбасардағы локомотив зауытының құрылысы неге тоқтап қалғаны анықталды

Қытайлық инвесторда қаржы болмағандықтан құрылыс тоқтап, жаңа инвестор іздестіріліп жатыр.

 ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов Бүгiн 2026, 14:23
Бүгiн 2026, 14:23
111
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров Үкіметте өткен брифингте Атбасарда локомотив зауыты құрылысының ұзаққа созылуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ  тілшісі.

Оның айтуынша, бұл зауытты қытайлық инвестормен бірлесіп салу жоспарланған.

Алайда қытайлық инвесторда әзірге қаражат жоқ. Сондықтан құрылыс ұзаққа созылып кетті. Сол себепті инвесторды ауыстыру жоспарланып отыр, жаңа инвестор іздестіріліп жатыр. Қазір құрылыс жұмыстары тоқтап тұр. Бүгінде Қазақстандағы локомотив паркі толық қамтамасыз етілген. Ал болашақта бірқатар локомотивтердің пайдалану мерзімі аяқталады. Сол кезде инвесторлар зауыт құрылысын жалғастырады, – деді Мақсат Қалиақпаров.

Ол сондай-ақ қажетті қаржысы жоқ компанияның инвестор ретінде қалай таңдалғанын түсіндіруге тырысты.

Олар бізге өз бағдарламасын көрсетті, құжаттар бойынша бәрі дұрыс болды. Бірақ қосымша қарыз қаражатын тарту қажет еді, ол жүзеге аспады. Сондықтан құрылыс тоқтап қалды. Кәсіпорынды жұмыс істеп тұрған зауыттың базасында салу жоспарланған. Мұндай жағдайлар болады, бұл – жеке инвестор. Олар салғысы келді, біз рұқсат бердік. Әрі қарай қалай іске асыратыны өздеріне байланысты, – деп атап өтті вице-министр.

Наверх