Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Су тасқыны биыл ақмолалықтарды әбден әбігерге салатын түрі бар. Өйткені облыста 125 елді мекенге су басудың нақты қаупі төнген. Соның ішінде Атбасар ауданына судан төнетін қатер жоғары, деп жазды aikyn.kz.
Ақмола облысының бас құтқарушысы Нұрлан Атығаевтың айтуынша, қазір барлық тиісті жұмыстар жасалуда.
Гидрологиялық мәліметтер бойынша, орташа көпжылдық мәні биыл 16 пайызға жеткен. Ауа райын зерттейтін мамандар болжамына қарағанда, қазіргі жағдай 2017 жылғымен ұқсас. Біз ең қиын да күрделі жағдайға әзірленіп жатырмыз. Біздің барлық күш-құрылымдарымыз бен техникаларымыз жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп сақадай-сай әзірлікке көшірілген, – дейді Нұрлан Атығаев.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының айтуынша, бүгінде еріген қар суларын қауіпсіз өткізу бойынша алдын алу шаралары басталып кеткен.
Қарды барынша қала сыртына шығарып, арықтар мен жолдарды аршып жатырмыз. Қазір аяқтауға таяп қалдық. Егер қаладағы тұрғын үйлерді су басып жатқан жағдайда суды арнайы техникалардың көмегімен сорып төгеміз. Бүгінде 10 автокөлік тоқтаусыз жұмыс істеуде, – дейді Атбасар қаласының әкімі Марат Асқаров.
Дегенмен Атбасарда әлі де болса 67 үй тасқын судың астында қалуы мүмкін. Сондай-ақ қалың қардың құрсауында қалған 500 үйдің тұрғыны қауіпсіз аймаққа көшірілген. Су басатын аймақта Атбасар қаласының №1 орта мектебі де қалыпты.
Аталған аумақ су басу қаупі ерекше қауіпті аймақта орналасқан. Біз жасанды кедергі жасап, қаппен қоршау тұрғызып жатырмыз. Қаптарға инертті материалдар мен құм толтырылды, – дейді қала әкімі.