2026 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша Қазақстанда 25,8 мың отбасы атаулы әлеуметтік көмек алып отыр. Биыл бұл мақсатқа бюджеттен 62,7 млрд теңге бөлінді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми мәліметінше, 2026 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) 25,8 мың отбасыға тағайындалды. Бұл қолдауды 138,1 мың адам алып отыр. Төленген қаражаттың жалпы сомасы – 2,3 млрд теңге. Ал биыл АӘК төлеуге бюджеттен 62,7 млрд теңге қарастырылған.
Атаулы әлеуметтік көмектің негізгі мақсаты – аз қамтылған отбасыларға ақшалай қолдау көрсету және еңбекке қабілетті отбасы мүшелерін жұмыспен қамтуға бағытталған белсенді шараларға тарту. Бұл отбасыларды қиын өмірлік жағдайдан шығаруға мүмкіндік береді.
АӘК аясында табысы кедейлік шегінен аспайтын азаматтарға тоқсан сайын әлеуметтік көмек тағайындалады. Сонымен қатар, табысы төмен отбасылардағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі әр балаға ай сайын 1,5 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде қосымша төлем беріледі. 1 ақпанға дейін мектеп жасына дейінгі 42,4 мың балаға 270,4 млн теңге көлемінде қосымша төлем тағайындалған.
Бұдан бөлек, бағдарлама аясында азаматтарды жұмыспен қамтуға жәрдем көрсетіледі. Атап айтқанда, жұмысқа орналастыру, өз ісін ашқысы келетін отбасыларға грант беру, қажет болған жағдайда біліктілікті арттыру курстарына жіберу сияқты шаралар қарастырылған.
Қазіргі уақытта қазақстандықтар атаулы әлеуметтік көмек алу үшін тұрғылықты жері бойынша мансап орталығына, ауыл округінің әкіміне немесе Электрондық үкімет порталы (egov.kz) арқылы өтініш бере алады.