Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақтөбе облысы Қобда ауданының атаулы әлеуметтік көмек алушысы (АӘК) дәнекерлеуші мамандығы бойынша сертификат алып, өз ісін ашуға мүмкіндік алды.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, орта арнаулы білімі бар көпбалалы үйдің отағасы үй-ішін асырау үшін бірнеше жыл бойы дәнекерлеу жұмыстары бойынша әртүрлі тапсырыс орындап, отбасын асырап келді. Бірақ бұл тапқан қаражаты мүлде жетпейтін еді.
«Менің жұбайым Елена жұмыс істемейді, ол 1 жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты демалыста. Менің төрт балам бар. Үлкен қызым 13 жаста, кенжем 9 айлық. Отбасымды қалай да асырау үшін мен дәнекерлеуші болып жұмыс істедім. Бірақ менің болгаркам мен дәнекерлеуші аппаратымның күйі өте нашар, ескі-құсқы болатын. Онымен жұмыс істеу мүлде мүмкін болмай қалды. Бірде маған аудандық жұмыспен қамту бөлімінен қоңырау шалып, отбасымның әл-ауқатын арттыруға көмектесетіндерін айтты», - деді Асылбек Күлтілеуов.
Асылбек аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде жұмыссыз ретінде тіркеліп, Қобда аудандық көпсалалы колледжінде қысқа мерзімді дәнекерлеу курстарына жіберілді, сонымен қатар оған 16 мың 759 теңге көлемінде стипендия тағайындалды.
«Үш айдан кейін маған дәнекерлеуші курсын бітіргенім жөнінде сертификат берілді. Осы жылдың мамыр айында мен жалпы сомасы 1 млн 183 мың 836 теңгеге АӘК алдым. Мен өз бизнесімді бастауға бел будым. Жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, фирмамның атын үлкен қызымның құрметіне «Алина» деп атадым. Маусым айында 250 мың теңге көлемінде грант алдым. Ол қаражатқа ұсталық, дәнекерлеу және құрылыс жұмыстарына арналған жабдықтар сатып алдым. Қазір болат есіктердің, мангалдардың, металл дуалдардың және интерьер бұйымдарының өндірісін бастап кеттім.Қоршаулар мен есіктер жасап берген жерлестерім менің жұмысыма дән риза. Бұл мені екі есе қуантады! Болашақта автоматты қақпаларды шығаруды жоспарлап отырмын», - деп Асылбек Күлтілеуов өз жетістігімен бөлісті.
Ақтөбе облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ербол Данағұлов өңірде АӘК алатын отбасылардың өмірлік қиын жағдайлардан шығуының сәтті мысалдары аз емес екенін атап өтті.
«АӘК алушылардың көбі мемлекет есебінен қысқа мерзімді қайта даярлау курстарынан өтеді, біз оларға жаңа жұмыс орындарына жұмысқа орналасуға немесе жеке ісін ашуға көмектесеміз. Осылайша, азаматтарға мемлекет тарапынан қолдау да көрсетіледі өздері де табыс табады. Отбасы табысы айтарлықтай ұлғаюда», - деді Ербол Данағұлов.
Оның мәліметінше, бүгінгі таңда Ақтөбе облысында АӘК алатын 972 отбасы қиын өмірлік жағдайдан шықты.
Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылдың 15 тамызындағы жағдай бойынша атаулы әлеуметтік көмекпен 1,8 млн қазақстандық қамтылған. Жәрдемақы алушылардың ең көп саны Түркістан облысында – 498,7 мың адам, Алматы облысында – 225,4 мың адам, Шымкент қаласында – 216,3 мың адам тұрады. 2019 жылдың 1 тамызындағы жағдай бойынша 103 млрд теңге көлемінде АӘК төленді. Бір отбасына төлемнің орташа мөлшері айына 86 мың теңгені құрап отыр.