Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Еуразия ұлттық университетінің проректоры, алаштанушы, филология ғылымдарының докторы, академик Дихан Қамзабекұлы «Әл-Фараби әлемі» оқу-тәрбие орталығының салтанатты ашылу рәсімінде айтты.
Бүгінгі шара өте ерекше. Ел төріндегі, ел жүрегіндегі оқушылардың, біздің болашақ армандарымыздың бір жағынан өзегі болатын, соны жалғастыратын жастар даярланатын оқушылар сарайы әл-Фараби атында болуы маңызды. Атау беру бар да, соның мазмұнына сай болу бар. Жалпы мекемелерге атау беру Алаш зиялылары кезінде болыпты. Қазір атау беруді жаттандылыққа айналдырып жібердік. Мысалы, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, С.Қожанұлына көзі тірісінде мектеп атауларын берген. Бірақ атындағы демеген. Көзі тірісінде Сұлтанбек Қожанұлы мектебі, Ахмет Байтұрсынұлы мектебі деп аталған. Ол тіпті үлкен мемлекеттік қаулыға енбеуі де мүмкін. Бірақ негізгі мазмұн – сонда оқып, тәрбиеленіп жатқан балалар аталған тұлғалардай, соны үлгі-өнеге, эталон тұтып, соның деңгейінде болсын деген арман болатын, - деді академик Дихан Қамзабекұлы.
Оның айтуынша, биыл мерейтой жылында көп дүниелер жарық көрді.
Әл-Фараби туралы көп айтуға болады. Биыл мерейтой жылында көп дүниелер жарық көрді. Көркем шығармалар, деректі еңбектер, ғылыми еңбектері де шығып жатыр. Бұл – мол мұра. Бірақ, бір нәрсені айтуымыз керек. Әл-Фараби жүрген жерде біздің шығыс бағытымыз. Әл-Фарабидің дінге көзқарасы, шығыс топырағынан шығып, жетілгендігі біздің жүрегімізде тұруы керек. Соған байланысты алдағы уақытта қоғам болып, қауымдастық болып шығыс бағыттағы тілдерді оқытуымыз керек. Әдетте шет тілі дегенде батыс бағытындағы тілдерді ғана ойлаймыз. Шығыс бағыты да шет тілі. Әлемнің көп тілін меңгерген азаматтың бүгінгі атау алуы, сол арқылы балаларымыздың да адамзаттық деңгейдегі үлес қосатын маман болып қалыптасса деген арманымыз бар, - деді алаштанушы.
Дихан Қамзабекұлы сөз соңында орталықта тәрбиеленіп жатқан балаларымыз әл-Фарабидің, Абайдың жолындағы жақсы, елшіл азаматтар болып қалыптассын деген тілеген білдірді.
Айта кетейік, бүгін әл-Фараби атындағы оқушылар сарайында «Әл-Фараби әлемі» оқу-тәрбие орталығы ашылды.