Атақ пен абыройды шатастырып жүргендер бар – Мейірбек Сұлтанхан

11 Сәуір 2020, 16:23
4200
Бөлісу:
Атақ пен абыройды шатастырып жүргендер бар – Мейірбек Сұлтанхан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазір сұхбаттасушы кісімен кездесе кетіп, көсіліп әңгіме айтып отыратын уақыт емес. Сондықтан сөзді де, ойды да, уақытты да ықшамдадық. Бүгін айтыскер ақын, Мемлекеттік Дарын жастар сыйлығының лауреаты, қайым айтыста да, суырып салуда да, сөз тапқырлығы да көпшіліктің көңілінен шығып жүрген ақын, Мейірбек Сұлтанханмен WhatsApp желісі арқылы болған сұхбатты оқырман назарына ұсынғымыз келіп отыр. Бұл – карантиндегі сұхбат! Қысқа сұраққа нұсқа жауап.

Тілші: Айтыс деген не?

Мұхтар Әуезовтің сөзімен айтсақ, "Сөз барымтасы, дала театры". Жаһандану жағадан алып, батыстан шыққан даңғаза шоу қаптаған заманда көрерменін жоғалтпаған, төрдегі төрелердің қысымына да төтеп беріп келе жатқан төл өнеріміз, баға жетпес баба мұрасы.

Тілші: Ақын деген кім?

Жүрекке өлең келсе,
Өшпейді ол өле өлгенше
Апырау, не құдірет,
Ақындық деген нәрсе.

Шайырдан күй қашуы,
Шабыттан ұйқы ашуы.
Сөздердің дұрыс бітіп,
Сөйлемнің ұйқасуы.

Атанып сахи жұртқа,
У дәмі татиды ұртта
Атқарып ардың ісін,
Аттану бақилыққа.

Тілші: Толық адам деген кім?

"Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,
Сонда толық боласың елден бөлек". Абайдан асып ештеңе айта алмаспын.

Тілші: Өткен шаққа оралу мүмкін болса, қай кезеңге оралар едің?

Барлығын басынан бастаймын деп жүргенде, өмірдің аяғына жеткеніңді аңғармай қалатын сияқтысың. "Күн батты" деп қайғырсақ, айдан ұят болар. Өз басым өткен қателіктерімнен сабақ алып, қалған күннің қадіріне жетсем деймін.

Тілші: Кімді үлгі тұтасың?

Үлгі алар адам көп, үлгіре алмай жатқан мен секілдімін. Мұсылман болғандықтан, пайғамбардың жолын үлгі етсек, дана бабаларымыздың өнегесін өмірімізде қолдансақ, Алаш арыстарының артында қалған аманатқа адал болсақ, бізден асқан рухы биік жан болмас еді. Әлімхан Ермеков пен Мұстафа Шоқайдың тағдыры туралы деректер қатты қызықтырады. Солардың сынығы бола алсам, арманым жоқ.

Тілші: Атақ адамға не береді?

Оны атақтылардан сұрап көру керек шығар. Меніңше, аз күндік айналаңнан мақтау естіртіп және жалған достарды көбейтіп беретін сияқты. Атақ деп аттандап шауып, адамгершілігінің адымын аштырмай қойғаннан сақтасын. Арамызда атақ пен абыройды шатастырып жүргендер де қаншама. Марапатқа мас болуға болатын шығар, бірақ сен есіңді жиғанша елдің есінен шығып кетесің деп ойлаймын.

Тілші: Кімді көп оқисың?

"Көп оқимын" деп айтсам өтірік болар. Көбірек оқуға тырысамын. Бұрында поэзияны сүйіп оқитын едім, қазір проза жанрын оқуға уақыт бөліп жүрмін. Айтыстың алдында айтыс өтетін өңірден шыққан ақын-жазушылардың кітабын, тарихи кітаптарды ақтарамын. Соңғы аптада Рақымжан Отарбаевтың "Дауысыңды естідім " атты кітабын оқып шықтым. Көп нәрсені астарлап та, ашып та айтып кеткен екен.

Тілші: Кедей мен бай алдыңнан қатар шықса, бірінші кімге сәлем берер едің?

Коронавирус елді дүрліктірген тұста қол беріп амандасу қауіпті деп жатыр ғой (күлді). Сәлеміңді алатын адамның бет-бейнесі белгілі ғой. Байдың да қарапайымдылығымен төменнен орын алатын байлар да бар, кердеңдеп төрге ұмтылатын кедейлер де бар. Кімнің рухани бай екені қол бергенде емес, әңгімесін тыңдап, қоштасар тұста белгілі болады. "Паңданғанның алдында патшадай, құрметтеген адамның құлындай бол" деген қағиданы ұстанамын. Әкесінен бұрын әкімге сәлем берер жандайшаптардан сақтасын.

Тілші: Өмірлік ұстанымың қандай?

Ақын болу өз ісің, азамат болу парызың.

Тілші: Неге өкінесің?

Өмірге келгеніме де, өмірде көргеніме де өкінбеймін. "Қап" деп қалған сәттер көп әрине. Оған бола тұңғиыққа батуға болмас.

Тілші: Құдайды ұмытпау үшін не істеу керек?

Кенен атамыз айтпақшы:

 "Жай күні олай дейміз, бұлай дейміз, 
Жалынып жан қысылса, Құдай дейміз" - ғой көп жағдайда. 

Жан қысылмай тұрып, құрсақта жатқанымызда жан бітірген Жаратқанды естен шығарып жататынымыз жасырын емес. Жақында ғана елордада бір дәмханаға кіріп, қол жуып жатсам, еден сүртіп жүрген егде жастағы апа қолындағы матаны бір сығымдап алып, "Е, Құдай бергеніңе шүкір", - деді. Осы көрініс қазірге дейін ойымда тұрып қалды. Шүкірлікті ұмытқаның, Құдайды да ұмытқаның болса керек.

Тілші: Бір сөзбен айтқанда, Мейірбек деген кім?

Сізге сұхбат беріп отырған қазақтың қарапайым бір баласы.

Тілші: Дос деген кім?

Барыңды үнемдеуге, жоғыңды түгендеуге ақыл қосатын, қайғың мен қуанышыңда қасыңнан табылатын жолдастықтың жоғарғы шыңы.

Тілші: Сұхбатыңызға рахмет!
Өзгелердің жаңалығы